
Ұлыбритания қазақстандық компанияларға Ресейге салынған санкцияларға қатысты ескерту жасады. Оны «арнайы нұсқаулық» деп атаған.
Бұл жадынамада Ресейге қарсы британдық санкцияларды айналып өткісі келетіндердің қандай жағдайға душар болатыны нақты көрсетілген.
Санкцияға ілігуі мүмкін
Бір қызығы, Ұлыбритания үкіметі қазақстандық бизнестің атын-атап, түсін түстеп, арнайы нұсқаулық жариялап отыр. Арнайы үндеу жасап отыр. Онда Британияның Ресейге салған санкцияларына ілігуге себеп болатын әрекеттер жіпке тізіп көрсетілген.
Құжатта Ұлыбритания санкциясына іліккен тұлғалармен және Ресеймен іскерлік байланыс орнату барысында абай болуға шақырған. Қазақстан заңнамасына сәйкес шектеулер бар екені және бұл шектеулерді бұзған жағдайда қандай қауіп-қатерге тап болатыны айтылған.
Сонда, не істемек?
Ұлыбритания немесе басқа халықаралық банктер мен жеткізушілер «қандай да бір қазақстандық компания санкцияға іліккен тұлғалармен жұмыс істейді» немесе «Ресейге санкция салынған тауарларды экспорттап жатыр» деп күдік келтірсе, онда олар қызмет көрсетуді тоқтатуы немесе тауар жеткізуді доғаруы мүмкін.
Нұсқаулықта санкцияға ілінетін тауарлар мен қызмет түрлері тізілген. Сондай-ақ жасауға болмайтын әрекеттер мен сызбалар нақты мысалдармен көрсетілген.
Қандай тыйымдар салынған?
Жадынамада Қазақстанның фирмаларына Ұлыбритания санкция салған тауарларға ресейлік импортерлерден тапсырыс алуға болмайтыны көрсетілген. Сондай-ақ, Ұлыбританиядан тауар алдырып, ол Ресейге жөнелтсе, тәуекелге ілігеді.
Айта кететін жайт, Қазақстанда тіркелген 6 компания Ұлыбританияның санкция тізіміне кірген еді. Бұл ел Украинадағы соғыс кезінде Ресей әскери-өнеркәсіптік кешеніне қолдау көрсетті деп күдіктенген-ді.
Германияға да сын айтылған
Ұлыбритания үкіметі Германияға да сын айтқан. Украинадағы соғыс, Ресейдің энергетикалық секторына қарсы санкциялар және Мәскеуден энергетикалық тәуелсіздік туралы мәлімдемелерге қарамастан, бұл ел әлі де ресейлік сұйытылған табиғи газды миллиардтаған еуроға сатып алып жатыр.
Мақсаты не?
Нұсқаулықта көрсетілгендей, санкциялардың мақсаты – Ресейді Украинаның аумақтық тұтастығына, егемендігі мен тәуелсіздігіне қол сұғу әрекеттерін тоқтатуға мәжбүрлеу. Ұлыбритания осы мақсатқа қол жеткізбейінше, санкциялардың күшінде қалатынын ашық мәлімдеген.
Мұның алдында Ұлыбритания Ресейге қарсы жаңа санкция енгізгені туралы жазған едік.