
Еңбекке жарамсыздық парағы толығымен цифрлы форматқа көшеді. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова журналистерге осылай айтты.
Министрдің сөзінше, қажетті бұйрыққа қол қойылған. Енді медициналық мекемелерде кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
«Әрбір азаматтың еңбекке жарамсыздық парағын онлайн түрде талап етуіне толық құқығы бар. Қазір қағаз және электронды форматы да айналымда. Енді ақырындап көшпелі кезеңді аяқтап, жарамсыздық парағын онлайнға ауыстыруға толық көшуіміз керек. Тек белгілі бір уақыт өтуі қажет. Ал былай заңды түрде барлық нормативтерді бекіттік», – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
Оның атап өтуінше, қазір медициналық ақпараттық жүйедегі қызмет толығымен жүзеге асырылған, сондықтан еңбекке жарамсыздық парағын электронды түрде алуға болады.
Бұл құжаттың электронды форматқа ауысатыны жайлы жыл басында хабарланған еді. Сол кезде денсаулық сақтау министрлігі тиісті заң жобасын «Ашық НҚА» порталына жариялаған еді.