Ресейлік Sputnik агенттігінің Әзербайжандағы кеңсесінде тінту болды

Бакуде полиция «Sputnik Әзербайжан» жаңалықтар агенттігінің кеңсесіне тінту жүргізді. Vesti.az жазуынша, елдің сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты растаған.
Риа-Новости дерегінше, қазір ғимарат сыртында СІМ-ге тиесілі патруль-кеден қызметінің көліктері, қара микравтобустар тұр. Күштік құрылымның бірнеше қызметкерлері көшеде күзетте. Ғимаратқа кіру мүмкін емес. Ал Sputnik-тің Мәскеудегі кеңсесі Бакудегі редакциямен байланыса алмай отырғанын айтады.
Әзербайжандық БАҚ-тың жазуынша, осы жылы ақпанда ел үкіметі бірқатар шетелдік редакцияның өз аумағында жұмыс істеуіне тыйым салған. Олардың арасында «Sputnik Әзербайжан» мен BBC News Azərbaycanca журналистері бар. Сондай-ақ Бакудегі «Русский дом» да жабылған еді. Бірақ тыйымға қарамастан Sputnik тілшілері жұмысын жалғастыра берген. Олар шараларға қатысып, ақпарат таратып жүрген.
Екі ел арасын ушықты ма?
Ресми Мәскеу мен Бакудың арасы Azerbaijan Airlines ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырағаннан кейін бұзылған еді. Әзербайжан билігі ұшақты ресейлік зымырандар атқылады деп айыптады. Әзірге бұл апат бойынша тергеу жүріп жатыр.
Ал осыдан үш күн бұрын, 27 маусымда, Ресей құқық қорғау органдары Екатеринбургте рейд жүргізген. Сол рейд кезінде екі әзербайжан азаматы көз жұмып, бірнеше адам ауыр жарақат алған, тоғыз адам ұсталған.
Бұған жауап ретінде Әзірбайжанның Мәдениет министрлігі елдегі ресейлік мекемелер ұйымдастырған барлық мәдени іс-шараларды өткізуді тоқтатты.