Жаңалықтар

Түркияда орман өрті жүздеген үйді шарпыды

Түркияның батысындағы Измир провинциясында орман өртеніп жатыр / фото: shutterstock
Түркияның батысындағы Измир провинциясында орман өртеніп жатыр / фото: shutterstock

Түркия екі күннен бері елдің батысындағы Измир провинциясында тұтанған өртпен алысып жатыр. Төрт ауылдың тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. 345 үй өрттен зардап шекті деп хабарлады Reuters.

Орман шаруашылығы министрі Ибрагим Юмаклының айтуынша, провинциядағы Куюджак және Доғанбей аудандарында орман өртеніп жатыр. Дүйсенбіге қараған түні күшейген желден өрт одан сайын өршіп, өңір тұрғындарының өміріне қауіп төндірді. Соған байланысты төрт ауылдың адамдарын қауіпсіз жерге көшіруге тура келді.

Мыңнан аса адам ормандағы өртті сөндіруге тырысты. Тікұшақтар, өрт сөндіру ұшақтары және басқа да техника тартылды.

Дегенмен өрт сөндірушілердің тілсіз жауды жеңуге күші жетер емес. Мәліметтерге қарағанда, Доғанбей ауданында 345 үй өрттен зардап шеккен. Медиа жариялаған суреттерден бірнеше үйдің түгел өртеніп кеткенін көруге болады.

Кейінгі жылдары Түркияның теңіз жағалауындағы аудандарда орман жиі өртеніп жүр. Себебі жаз ыстық, құрғақ болып жүр. Ғалымдар оны климаттың өзгеруімен байланыстырып отыр.