Бір апта ештеңе сатып алмаса, қалай болады

Жарияланды 30 Маусым 2025 08:56

Жадыра Аққайыр

Жадыра Аққайыр

Бір апта ештеңе сатып алмаса, қалай болады / Фото: Shutterstock

Біз күнделікті ірілі-ұсақ көп зат сатып аламыз. Кейбірін тіпті елемейміз. Әбден қалыпты жағдай қылып алғанбыз. Ал енді сол әдеттен бірнеше күнге тыйылып көрсе қалай болады? Мысалы бір апта ештеңе сатып алмайсыз. Одан не өзгереді деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ осы жеке тәжірибеден соң менде біршама өзгеріс болды. Иә, керемет үнемдеп, байып кетпедім. Дегенмен түсінгенім көп. Ойланбай зат ала салу, шопиң жасаудан тыйылған бір апта туралы толығырақ айтайын.

Неге мен no-buy days жасап көргім келді?

Ойлап қарасам, кейінгі кезде өмірім картамен төлеуден тұратын болып кетіпті. Бітпейтін төлем, жеткізу, акциялар деп тым беріліп кеткен екем. Бұрын айына бір жасайтын шопиң саны да көбейген. Импульспен, ойсыз ала салатын заттарға шектеу қоймайтын болыппын. Содан ойлана келе «осы әдеттен уақытша тыйылсам қалай болады?» дедім. Кемі бір апта тәжірибе жасап көрмекке бекіндім. Кофе сатып алмаймын, маркетплейстерге кіріп тапсырыс бермеймін, өтіп бара жатып зат ала салмаймын. Осылай бастаймын деп шештім.

Шарттарына келсек, не нәрсеге рұқсат бар, не нәрсеге тыйым салдым?

Бәріне түбегейлі тыйым салсам, ертесіне-ақ тәжірибем быт-шыт болар еді. Сондықтан ережелер бекіттім:

  • Не істеуге болады: күнделікті тамақ істеуге керек азық-түлік алуға болады. Бірақ ерекше тамақ істемеймін. Жол ақысын төлеймін, дәрі-дәрмек алуға болады.
  • Не істеуге болмайды: киім, косметика, сырттан кофе, жеткізу қызметі, маркетплейстерге ақша құртпаймын, сауда орталығына барып шығынданбаймын. 
  • Мерзімі: 7 күн.
  • Мақсатым: ойым үнемдеу емес. Бар болғаны импульсты бақылағым келді. Не нәрссені ойланбастан аламын? Іш пысқаннан ақша құртатын кездерді анықтасам дедім.

Бірінші күн«бірдеңе алу керек еді» деген ой жылт етті

Алғашқы күн басында жақсы өтіп жатқан. Күні бойы өзімді жақсы ұстадым. «Оңай екен ғой» деген ой да келіп үлгерді. Бірақ кешке қарай «донер ала салсақ қалай?» деген ой жылт етпесі бар ма? Одан қала берді әлеуметтік желіде маркетплейстердің жарнамасы жарқ етіп шыға берді. Бір косметолог дәл маған керек өнім туралы салып қойған. Косметика сататын дүкеннің қолданбасын ашып, бағасын қарадым. Себетке салдым да, алмақшы болдым. Тіпті автомат түрде картам байланып тұрғасын төлеуге аз қалыппын. Өзімді тоқтаттым. Байқағаным: мен көбіне ішім пысса не бойымда мазасыздық болса, сол эмоцияны басу үшін бірдеңе алады екем. 

2-3 күн: автоматизмді өшіріп үйрену керегін түсіндім

Үш күн ештеңе алмай жүру оңай емес екен. Кәдімгідей «осы тәжірибем сәтсіз аяқталды» деп қоя салсам қалай деп ойладым. Не алуға болады деген оймен маркетплейсті ақтардым. Содан күні бойы алғым келген заттардың тізімін жасадым.

  • Ателье, киім сататын дүкендерге түскен жаңа көйлектер
  • Анар эссенциясы қосылған айс-латте
  • Балаларға кітап, ойыншық

Енді бұдан түйгенім мынау: көңіл қалауым дегенімнің бәрі менің қалауымнан тумайды екен. Көбіне әдет болып кеткен, жарнама не алгоритм арқылы көзге түскен дүниелер екенін түсіндім.

Бесінші күн: біртіндеп қуаныш сезімі пайда бола бастады

Бес күн дегенде аяқ-асты мынадай ой келді: өзімде бар заттарға көбірек мән беретін болыппын. Бұрыннан жағып жүрген кремнің исі сондай күшті екен. Балалардың ойыншықтары да қызық. Яғни миым жаңа нәрседен ғана рахат алуға болады демей, керісінше, бар нәрседен ләззат алып үйренгендей сезілді. Себебін іздеп қарасам, нейропсихологиядан дофамин стимулын азайтқан кезде ми қуанатын басқа нәрсе іздеп кетеді екен де, қарапайым дүниеге де қуана бастайды екен. Мәселе қайда жатыр десеңізші! 

Апта қалай аяқталды?

  • Үнемдегенім шамамен 30 мың теңгедей болды.
  • Шопиң жасауға импульсым азайғанын сездім. «Керек» пен «алғым келеді» дегеннің ара-жігін ажырата бастадым.
  • «Трендте болу керек», «үлгермей қалмайын» деп алып ұшпайтын болдым.

Ештеңе алмайтын бір апта жасап тұрғанның қандай пайдасы бар?

No-buy days форматын тренд деп қана емес, тұтынысқа қатысты дижитал детокс деп қабылдаған дұрыс. Меніңше, шопиңнен бас тартып тұратын адамдар келесіде зат аларда ойланып, саналы шешім қабылдап үйренеді. Оразада бір жұтым судың дәмі қандай керемет екенін түсінетініміздей, мына жерде де дәл солай. 

Тәжірибе жасап көргіңіз келсе, мынадай қысқаша чек-листі қабыл алыңыз:

  1. Мерзімін бекітіңіз: қалауызға қарай 3-7 күн деп таңдаңыз. Бірден ұзақ мерзім алмаңыз. Бастысы, бастап көрген дұрыс.
  2. Ереже: өзіңізге не болатынын, не болмайтынын бекітіңіз. 
  3. Импульсті немен басасыз: ол үшін алмастыратын тәсіл табуыңыз керек. Серуен, басқа хобби, күнделік жүргізу — өзіңіз білесіз.
  4. Бақылаңыз: қашан және не нәрсе алғыңыз келгенін тізіп жүріңіз. Себебіне үңіліңіз. 
  5. Рефлексия: соңында міндетті түрде қорытынды жасаңыз. Қандай өзгеріс болды?

Естеріңізде болса, бұған дейін ұсақ шығындар арқылы өмір салтымыз қалай білінбей қалыптасатыны туралы жазғанбыз

Сондай-ақ оқыңыз