Интернет-privacy не үшін керек?

Жарияланды
Интернет-privacy не үшін керек? / Фото: Shuttertsock

Қазір барлығымыз дерлік гаджет ұстаймыз. Ал ондағы әрбір кликтің ізі қалып қояды. Осылайша технология өміріміздің айнымас бөлшегіне қалай айналып кеткенін байқамай қаламыз. Мұндайда интернетте приват болудың да мәні өзгереді. Яғни онлайн өміріміз конституциялық құқық емес, қызмет болып кеткен. Бұл қарқынмен жалғаса берсе, болашақта не күтуге болады? Дижитал төлқұжаттар, кликтер тарихы, үстімізден жасалатын бақылау қалайша қалыпты жағдайға айналып бара жатқаны туралы айтайық.

Приваттықты ұстанып үйренбесе болмайды

Бұрын интернет еркіндіктің алаңы сияқты көрінетін. Жұрт аноним аккаунт ашып, пікір жазып, фейк пошталарды емін-еркін қолданатын. Ал қазір ондай азайды. Бүгінде онлайн кеңістікте кімнің кім екені үтір-нүктесіне дейін көрініп тұрады. Ізіңіз барлық жерде қалады. «Ешкім таппайды», «Жан баласы білмейді» дей алмайсыз. Ол аздай, әлеуметтік желіде суретіңізге қарап-ақ көңіл-күйіңізді байқап, қалауыңызға қарай сатып алатын зат, оқитын контент ұсынылып отырады. Банктердің мобайл қолданбалары сіздің әрекеттеріңізді жаттап алғаны сонша «әдетіңізден таймаңыз» дегендей арагідік хабарлама жіберіп, еске салады. Бір қызығы, бұл әлі басы ғана. Приват болу деген ұғым өткен шақта қалатын түрі бар. Қазір приват болып өз шекараңызды сақтағыңыз келсе, интернетте не нәрсеге келісіп жатқаныңызды дұрыстап оқып, ыңғайсыз болса келіспей қоя алатындай назар мен білім керек. Демек, бүгінде приваттық жаңа валютаға айналып отыр. 

Адамды басқарудың жаңа жолы — дижитал төлқұжат

Дижитал төлқұжатта адам туралы барлық ақпарат тұрады. Яғни жеке деректері, биометрия, медициналық мәліметтері, мінез-құлқына қатысты әрекеттері — бәрі бір профайлдың ішінде. Демек, бұл паспорт жай логин емес, кәдімгідей сіздің цифрлық түріңіз десе болады. Былай елестетіп көрейік. Кез келген сервисті қолдану үшін сізге барлық жерде бір идентификатор керек болсын. Ол мейлі әлеуметтік желі болсын, не салық төлеушінің кабинеті болсын — бәрібір. Барлығында бір логин мен құпиясөз болса, онда әлгі идентификатор сіз туралы бәрін білетіні айдан анық емес пе? Қайда барғаныңызды, кіммен жүргеніңізді, не сатып алғаныңызды біліп отырады. Бір жерде тастап кете алмайсыз, жоғалтып алу мүмкін емес. «Қой, қайдағы» деп сенбесеңіз ерік өзіңізде. Бірақ қазірдің өзінде Еуропада ЕО цифрлық айдентити һәм құжат, сертификат, қол — бәрі бір жерде тұратын бірыңғай әмиян енгізіліп жатыр. Ал Google мен Metaт сияқты техно-алпауыттар қолданушыны өз платформасының ішінен шығармай ұстау үшін ыңғайлы экожүйелер құрап жатыр. 

Кликтер тарихы: әр нәрсені баса бермеңіз

Қазір интернетте сіздің не істегеніңіз ғана емес, оны қалай істегеніңіз де маңызды болып отыр. Мұны мінез-құлыққа жасайтын аналитика дейді. Былайша айтқанда қауіпсіздік, маркетиң және болжам жасауға арналған жаңа тіл десек болады. Сіздің басқан кликтеріңіз, контент шолған кезде көз тоқтатып ұзағырақ оқып қалған жеріңіз, скролл, тінтуірді жылжытып апарғаныңыз — бәрі-бәрі сіз туралы мәлімет береді. Кім екеніңізді білу үшін есіміңізді де, IP-адресіңізді де іздеп жүрудің қажеті жоқ. Бұл — мінез-құлық биометриясы деп аталады. Қазір бұл антифрод, киберқауіпсіздік, кредитті бағалау және контент персонализациясы үшін қолданылады. Осылай жалғаса берсе, алда жұмысқа кірердегі сұхбаттасудың өзі сіздің түйіндемеңізге емес, белгілі бір триггерлерді қалай қабылдайтыныңызға байланысты болатын түрі бар.  

Ыңғайлы болғаны жақсы, бірақ артыңнан аңдитыны жақсы емес 

Негізі мұқият болсаңыз, сервистер сіз туралы деректер жинайтынын ескертеді. Соған қарай сізден рұқсат сұрайды. Бірақ «қалайда деректеріңді беруге келіс» деп қинамайды. Сол арқылы сізге қолайлы болады деп сендіреді. Мысалы, келіссеңіз:

  • Жылдам тіркелесіз;
  • Жеке кеңестер аласыз;
  • Тез төлейсіз;
  • Уақыт үнемдейсіз.

Мұндай ұсыныстан, әрине, көб бас тартпайды. Бірақ осы таңдаудың артында бақылауға берген келісім қоса жататынын ұмытпауымыз керек. Келіссек, демек, деректерді өңдеумен айналысатындарға «жинай бер» деген боламыз. Яғни приваттықты сервисті жылдам пайдаланып, қолайлы болуы үшін қиямыз деген сөз. 

Болашақта қандай сценарий болуы мүмкін?

Бұған қатысты болжам көп. Соның ішінде мынадай бағыттарды атап өтуге болады:

1. Бәрі толықтай ашық болады да, корпорациялар бәрін бақылауда ұстап отырады.
Технологиялық компаниялар дижитал әлемде болып жатқан нәрсенің бәрін білетін болады. Сол арқылы дереккөз болып отырған юзерден табыс түсіреді.

2. Мемлекет тарапынан бақылау күшейеді.
Әлемнің біршама елінде қазірдің өзінде азаматтардың үстінен бақылау жасалады. Соның іішнде электрон жолмен дерек жиналады. Пандемиядан кейін бұл қарқын тіпті күшейді. Қауіпсіз үшін деп азаматтардың артынан аңдуды заңдастырып алды десек болады.

3. Орталықсыздандырылған приваттық.
Енді осы ретте басқа балама жол шығады. Ол — қолданушының кімге, нені, қашан білуге рұқсат беретінін өзі шешетін орталықсыздандырылған сервистер мен шифрлер.

Бұл үш бағыттың қайсысы күш алатыны белгісіз. Себебі технология дамуынан бөлек, заң мен саяси шешімдерге, азаматтардың дижитал сауатына да байланысты.

Қазір не істеуге болады?

Әзірге әлем толыққанды цифрланып үлгерген жоқ. Сондықтан интернеттегі приваттықты сақтау үшін қадамдар жасасаңыз болады. Мәселен:

  • VPN мен трекиң жасалмайтын браузерлер қолданыңыз. Мысалы Brave немесе Tor дегендей.
  • Кукидің бәріне бірдей рұқсат бере бермеңіз. Қолданбалардың сізді аңдуына тыйым салып қойыңыз.
  • Деректеріңізді сатпайтын ProtonMail, Signal, DuckDuckGo сияқты сервистерге көшіп көріңіз. 
  • Цифрлық құқық саласындағы бастамалар жайлы біліп отырыңыз. Неғұрлым сауатты болсаңыз, соғұрлым өзіңізге жақсы.

Естеріңізде болса, бұған дейін роботтар мен ЖИ-ді дос қылу жалғыздықтан туа ма, әлде қалыпты жағдай ма деген тақырыпты талдаған едік. 

Сондай-ақ оқыңыз