«Верный Капитал» RG Gold компаниясын сату туралы келісімге қол қойды

«Верный Капитал» тобы 2014 жылдан бері басқарып келе жатқан RG Gold алтын өндіруші компаниясын сату туралы келісімге қол қойды. Осы уақыт ішінде кен орнын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді: өндірістік инфрақұрылым салынды, жаңғырту бағдарламалары іске қосылды, жабдықтар мен геологиялық барлауға негізгі инвестициялар жүзеге асырылды.
2018 жылдан бастап RG Gold-ты дамытудағы топтың стратегиялық серіктесі Resource Capital Funds (RCF) тікелей инвестициялармен айналысатын американдық компания болып табылады. Бірлескен күш-жігердің арқасында, персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өндірістің тиімділігін төмен операциялық шығындармен арттыруға мүмкіндік беретін жоғары технологиялық жабдықтарды қолдана отырып, кәсіпорынның өндірістік қуаты кеңейтілді. Соңғы 10 жылда RG Gold-тың ресурстық базасы JORC стандарты бойынша үш есеге – 7,6 миллион унцияға дейін артты.

RG Gold-ты сату туралы келісімге алтын мен түсті металдарды өндіруге және өңдеуге маманданған, әлемдегі ең ірі тау-кен корпорацияларының бірі – Zijin Mining Group Co Ltd компаниясының еншілес кәсіпорны Zijin Gold International компаниясымен қол қойылды.
Zijin Mining Group нарықтық капиталдандыруы шамамен $70 млрд құрайды, оның портфелінде әлемнің 17 елінде 30 астам жоба бар. Компания тұрақты өсуге, экологиялық жауапкершілікке, инновацияларға және «жасыл» технологияларға баса назар аудара отырып, өндірісті дамытады. Қазақстан нарығына шыға отырып, компания ел экономикасының одан әрі өсуіне және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал ете отырып, үздік әлемдік тәжірибелерді қолдануды жоспарлап отыр.

Бұл мәміледе «Верный Капитал» және RCF консультанттары болып жетекші халықаралық инвестициялық банктер – J. P. Morgan Securities plc және BMO Capital Markets, сондай-ақ Herbert Smith Freehills заң компаниясы өкілдік етті.
«Біз бірегей жобаны жүзеге асыра алдық, шағын өндірісті елдің жетекші алтын өндіруші кәсіпорнына айналдырдық. Енді, 10 жылдан кейін біз оны тау-кен активтерін басқарудың әсерлі тәжірибесі бар ірі халықаралық ұйымға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл «Верный Капитал»-дың стандартты бизнес-моделі – активті дамыту және оны оңтайлы нарықтық жағдайда сату. Қазіргі уақытта біз жаңа әлеуетті табысты инвестициялық жобаларды іздестірудеміз. Біз Қазақстанда табысты жобаларды дамытуға мүмкіндіктердің бар екенін көріп отырмыз және біз оларға қатысуға ниеттіміз », -деп «Верный Капитал» тобының бас директоры Айдан Аканов атап өтті.
«Верный Капитал» басқаруымен 2022 жылы RG Gold $424 млн тұратын жаңа алтын шығаратын зауытты іске қосты, бұл бастама өндіріс көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік берді.

«RG Gold-қа бағытталған инвестициялар біз үшін Қазақстандағы алғашқы жоба болды және біз мемлекеттегі жетекші кәсіпорындарының бірінің табысты өсуіне үлес қоса алғанымызды мақтан тұтамыз. Біз стратегиялық серіктесіміз «Верный Капитал» тобына шын жүректен алғысымызды білдіреміз, онымен бірге осы табысты жобаны жүзеге асырдық. Біз сондай-ақ Zijin Mining Group сияқты ірі халықаралық компанияның қазақстандық нарыққа шығуын құптаймыз, бұл Қазақстанның бизнес және инвесторлар үшін сенімді серіктес ретіндегі ұзақ мерзімді инвестициялық тартымдылығының растауы болып табылады», -деді Мартин Вальдес, RCF компаниясының серіктесі.
RG Gold тұрақты жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізіп қана қоймай, еліміздің экономикасы мен әлеуметтік саласына елеулі үлес қосып отыр. Өз жұмысы барысында компания мемлекеттік бюджетке 160 млрд теңгеден астам қаражат аударып, Қазақстанның ірі салық төлеушілерінің бірі ретінде танылды. RG Gold 1200-ге жуық жұмыс орнын құрып, жергілікті халықты қолдауға, инфрақұрылымды дамытуға және аймақтағы өмір сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруда.