Каникулға шыққан депутаттар қайда демалады

Парламент қос палатасының депуттатары ІІІ сессияны қортындылап, екі айға каникулға шықты. Осы орайда, Kursiv.media тілшісі олардың бірқатарынан демалыстарын қайда өткізетінін сұрап көрді.
Сонымен, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай демалысын Қазақстанның көрікті жерлерін аралаумен өткізбек.
«Алтайдан Атырауға дейінгі ұланғайыр даламыздың төртқұбыласында небір керемет жерлеріміз бар. Сондықтан мен өр-Алтайға барамын, Алакөлге барсам деп отырмын. Сондай-ақ, Баянауыл, Көкшетауға да баруды жоспарлап отырмын. Қазақстанда да керемет жерлер бар, соларға барғанды жақсы көремін»,– деді Аманжол Әлтай.
Десе де депутат, демалысқа дейін өңірлерді аралап, халықпен кездесуді жоспарлап отыр. Ол өзі сайланған Ұлытау облысына бармақ. Мәжілісмен өңірге барғанда ең алдымен сайлаушыларына берген уәдесін қаншалықты орындағаны жөнінде есеп беруден бастайтынын айтады.
Ал Бақытжан Базарбек те демалыстың басым бөлігін ел аралаумен өткізетінін айтады. Мәжілісмен негізінен «Жер аманаты» республикалық комиссиясымен бірлесіп жер мәселесіне қатысты сұрақтармен айналыспақ.
«1 шілдеден 10-ына дейін халықпен кездесеміз. Оның ішінде Алматы халқымен. Одан кейін 12-нен 24 шілдеге дейін мен ем қабылдаймын. Одан әрі «Жер аманаты» республикалық комиссиясымен бірлесіп тексерістерді бастаймыз. Ақтөбе өңірін тексереміз, сол сияқты Алматы облысына кірісеміз. Өйткен онда бірнеше фактілер орын алып отыр,»– деп түсіндірді депутат.
Дәулет Мұқаев болса бұл жолы шетелде демалуды жөн көрген.
«Бірінші кезекте Астанада бірнеше нысандарды аралаймын. Одан кейін бір аптаға Түркияға барамын, сосын елде боламын. Айтпақшы «шенген» визасына да тапсырып қойғанмын, бірақ визаның шешімі әлі шықпады«,– деп жауап берді Мұқаев.
Ал Ринат Зайытов елде қалады. Ол демалысын ауылды өткізуді жоспарлап отыр.
«Ауылға барамын болды… елдемін ғой»,– деп қысқа қайырды депутат.
Ерлан Саиров пен Нартай Сәрсенғалиев демалысқа қатысты нақты жоспар құрмаған.
Айта кетейік, бүгін 30 маусымда сегізінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясы ресми түрде жабылды. Үшінші сессия барысында Парламент палаталарының 3 бірлескен отырысы, Сенат пен Мәжілістің 39 жалпы отырысы өтті. Қос палатаның қарауында 158 заң жобасы болды, оның ішінде 89 заң қабылданды.