Жаңалықтар

Судағы қауіпсіздік талаптарын бұзғандарға 1,2 млн теңге айыппұл салынған

айыппұл
Фото: shutterstock

Биыл Түркістан облысында 5 адам суға кеткен, олардың екеуі – бала. Бұл туралы бүгін Түркістан өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Оразгелді Дүйсен мәлім етті.

«Білесіздер, облыста су қауіпсіздігі өзекті мәселенің бірі. Қазір шомылу маусымы басталған. Шомылу маусымы басталғалы 5 қайғылы жағдай тіркеліп отыр. Оның екеуі жасөспірім балалар», – деді басқарма басшысы.

Оразгелді Дүйсеннің сөзінше, өткен жылы дәл осы уақыттта 7 адам суға кетіп қайтыс болған. Олардың ішінде үшеуі балалар еді.

«Жыл басынан бері түрлі жағдайда 39 адам суға кетіп отыр. Олардың 16-сы – балалар. Суға кету жағдайлары әртүрлі. Мысалы, шекаралас канал арқылы көршілес Өзбекстан азаматының мәйіті ағып келді, көлік құралын игере алмай каналға түсіп, 5 адам суға батты, белгісіз жағдайларда су қоймаларынан және каналдардан мәйіттер табылды. Өзекті мәселенің бірі жас балалардың ата-ана қарауынсыз қалып шұңқырларға, канал-арықтарға құлап, тұншығып қайтыс болуы», – деді басқарма басшысы.

Оразгелді Дүйсен құтқарушылар мен полицейлер жыл басынан бері 1841 рет рейд жүргізгенін атап өтті. Нәтижесінде судағы қауіпсіздік талаптарын бұзған 129 адамға 1,2 миллион теңге шамасында айыппұл салынған.

Айта кетейік, Түркістан облысында шомылу маусымы маусым айынан басталып қыркүйек айына дейін жалғасады.

Жалпы жыл басынан бергі үш айда 23 бала қайтыс болған. Сенат кулуарында Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев 12-сі өрт кезінде қайтыс болса, 11-і ыстық кезең басталғалы суға батып кеткенін айтты.