Түркістанда департамент басшысы пара алды деген күдікке ілінді

Жарияланды
Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Түркістанда ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы пара алды деген күдікке ілінді. Бұл туралы 30 маусым күні кешке сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.

Агенттіктің телеграмм каналындағы мәліметте сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жасырын тергеу кезінде Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментінің басшысын «пара алу» кезінде ұстағаны айтылған. Департамент басшысы «жер учаскелеріне мемлекеттік актілерді ресімдеуге жәрдемдескені үшін Түркістан қаласының тұрғынынан 1 млн теңге көлемінде пара алды» деген күдікке ілінген.

28 маусым күні күдікті сот санкциясымен қамауға алынған.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстары комитетінің ресми сайтында Түркістан облысы жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы ретінде 44 жастағы Бауыржан Сыздықовтың аты аталады. Ол бұл қызметке 2025 жылдың сәуір айында тағайындалған. Бұған дейін 3 жыл Түркістан қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы болып жұмыс істеген.

2023 жылдың шілде айында дәл осы департаменттің сол кездегі басшысы сыбайласымен бірге «пара алды» деген күдікпен ұсталған болатын. Олар жеке кәсіпкерді 18 миллион теңге шамасында пара беруге итермеледі деген күдікке ілінген. Кәсіпкер Түркістан қаласында коммерциялық құрылыс нысанын салу үшін жер учаскесін рәсімдемек болған.

Сондай-ақ оқыңыз