«Әдейі өлтірген жоқпыз»: әріптесінің қазасынан кейін қамалған әскери сотта сөйледі

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Сотталушы Дархан Қазтай жарыссөзде сөйледі/коллаж: Kursiv.media

Жаркенттегі 74261 әскери гарнизонында капитан Дархан Дәулет қаза болғаннан кейін қамауға алынған майор Дархан Қазтай сотта сөйледі, деп хабарлайды KursivMedia.

Айта кетейік, іс Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотында қаралып жатыр. 2025 жылдың 1 шілдесінде сот тергеуі аяқталып, тараптардың жарыссөзі басталды.

«…Бәрін түсінемін. Сіздер де түсініңіздер. Біз оны әдейі өлтірген жоқпыз. Төбемізде Құдай бар ғой. Жаман ниетпен істеген жоқпын. Жақсылық істегім келді. Әскерилермен жұмыс істеу қазір қиын. (…) Әрбір айтқан сөзімді бұрмалап, басқаша жеткізіп жатыр бәрі. Жауыз қылып көрсетіп жатыр. Түсінесіз бе оның бәрін? Ақталып жатқан жоқпын. Өз кінәмді бірінші болып мойындадым. Өзім әскери полицияны шақырдым. Бәрі басын алып қашып жатыр. Өзіме тағылған айыппен келісемін. Өзімнің өкілетімді асыра пайдаландым. Бірақ біреуді өлтір деп айтқан жоқпын, ештеңе ұйымдастырған жоқпын. Біреуді өлтіріп тастайтын жауыз адам емеспін», – деді сотталушы Дархан Қазтай.

Ол жауапкершіліктен қашпайтынын айтып өтті.

Айта кетейік, сотталушылардың қатарындағы майор Дархан Қазтай 1988 жылы туған, ал үш сарбаз – Нұрман Әбсадық, Бақберген Рустамұлы, Аят Шакир 19-20 жаста.

Марқұмның қарындасы, қылмыстық іс бойынша жәбірленуші Тоғжан Дәулеттің сөзінше, ағасы Дархан Дәулет 23:30 шамасында ротаны тексеріп шыққан. Бақберген Рустамұлы көңілін аударып тұрған, қалған екеуі артынан бас салған. Аят Шакир қол-аяғын қайырып байлаған, Нұрман Әбсадық қимылдамауы үшін үстіне жатып алған. Үшеуі сол жерде сап алаңында әрі-бері тасып жүрген.

«Әскери қалашықтың шетінде шұңқыр бар екен, Дарханды сол жерге лақтырған. Жолда Дархан көмекке шақырған, ешкім көмектеспеген. Сол кезде Аят Шакир Дарханның қолындағы былғары қолғабын шешіп алып, Бақберген Рустамұлына берген.Ол аузына тыққан. Шакир сол кезде үстіндегі спорт киімінің бауын шешіп алып, аузын байлаған. Үшеуі де артына қарамай ұйықтайтын жеріне қашып кеткен. Барып, сержант Инаят Абимолдаға баяндаған. Ол да «барып ұйықтаңдар» деген. Шұңқырдың ішіне тастаған кезде Дархан тірі болған. Сержант Абимолда 30 минуттан кейін ғана басқа аға лейтенантқа «көріп келші» деп тапсырған. Сараптама Дарханның тыныс алу жолдарын жұмсақ затпен бекіткендіктен ауа жетіспей қайтыс болғанын көрсетті», – дейді марқұмның қарындасы.

12-16 жылға соттауды сұрады

Қылмыстық істегі мемлекеттік айыптаушы Саят Баймұсаев сотталушы Дархан Қазтайды қылмыстық кодекстің 451-бабы 2-бөлігі, қылмыстық кодекстің 28-бабының 3-бөлігі – 439-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 16 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Оны «майор» әскери шенінен айыру ұсынылды.

Дархан Дәулет ісі бойынша сот жарыссөзі басталды/фото: kursiv.media

Сарбаз Бақберген Рустамұлын қылмыстық кодекстің 439-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Аят Шакирді қылмыстық кодекстің 439-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Нұрман Әбсадықты қылмыстық кодекстің 439-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сондай-ақ оқыңыз