Павлодар облысында әйел баланы буындырамын деп қорқытқан – видео

Әлеуметтік желіде ойын алаңында әйелдің балаға қоқан-лоқы көрсеткен сәті түсірілген видео тарады. Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті болған оқиғаға байланысты пікір білдірді.
Ведомствоның хабарлауынша, балаға тиісті медициналық көмек көрсетілді. Қазір оның жағдайы тұрақты.
«Оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, тәрбиелік сипаттағы шаралар қабылдау мақсатында Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның отырысы өткізілмек. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әйел адамның жеке басы анықталып, полиция тарапынан кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын келтіру фактісі бойынша тексеру жүргізіліп жатыр», – делінген ақпаратта.
Сондай-ақ сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл зардап шеккен баланың анасымен тұрақты түрде байланыста. Балаға психологиялық көмек ұсынылған.