Жаркенттегі әскеридің қазасы: прокурор үш сарбазды 12-13 жылға соттауды сұрады

Жаркенттегі әскери гарнизонда қаза тапқан капитан Дархан Дәулет ісі бойынша сот тергеуі аяқталып, сот жарыссөзі басталды.
2025 жылдың 1 шілдесінде өткен сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Саят Баймұсаев сотталушыларды 12 жылдан 16 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды KursivMedia тілшісі сот залынан.
Істің мән-жайы
Марқұм Дархан Дәулет Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылында 5 жыл қызмет еткен. 2024 жылдың қыркүйегінде Жаркентке инженерлік бөлімнің бастығы болып ауысқан.
2024 жылдың 13 қарашасынан 14 қарашасына қараған түні тәуліктік кезекшілікке түскен, әскери сол түні қайтыс болған.
Іс Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотта қаралып жатыр.
Сотталушылар қатарында 4 адам бар: майор Дархан Қазтай 1988 жылы туған, ал үш сарбаз – Нұрман Әбсадық, Бақберген Рустамұлы, Аят Шакир 19-20 жаста.
Сотталушыларға қандай айып тағылған?
Дархан Қазтайға қылмыстық кодекстің 451-бабы 2-бөлігі – билікті асыра пайдалану, 28-бабының 3-бөлігі – 439-бабының 3-бөлігі – адам өліміне әкеп соққан алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып бастықтың әскери қызмет міндеттерін орындауы кезінде оған қатысты өзге де күш қолдануды ұйымдастыру;
Бақберген Рустамұлы қылмыстық кодекстің 439-бабы 3-бөлігі – адам өліміне әкеп соққан алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып бастықтың әскери қызмет міндеттерін орындауы кезінде оған қатысты өзге де күш қолдану;
Аят Шакир қылмыстық кодекстің 439-бабы 3-бөлігі – адам өліміне әкеп соққан алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып бастықтың әскери қызмет міндеттерін орындауы кезінде оған қатысты өзге де күш қолдану;
Нұрман Әбсадық қылмыстық кодекстің 439-бабы 3-бөлігі – адам өліміне әкеп соққан алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып бастықтың әскери қызмет міндеттерін орындауы кезінде оған қатысты өзге де күш қолданды деген айып тағылған.
12-16 жылға соттауды сұрады
Прокурор сотталушы Дархан Қазтайды қылмыстық кодекстің 451-бабы 2-бөлігі, қылмыстық кодекстің 28-бабының 3-бөлігі – 439-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 16 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Оны «майор» әскери шенінен айыру ұсынылды.
Сарбаз Бақберген Рустамұлын қылмыстық кодекстің 439-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Аят Шакирді қылмыстық кодекстің 439-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Нұрман Әбсадықты қылмыстық кодекстің 439-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сарбаздар қалай әрекет еткен?
Айыптау актісіне сәйкес, батальон командирі Дархан Қазтай өзінің құқығы мен өкілеті шегінен шығып, әскери бөлім аумағында әскери қызметшілерге, оның ішінде басшылық құрамына қатысты, олардың әскери қызмет міндеттерін орындауы кезінде өзге де күш қолдану арқылы әскери қылмыстық құқық бұзушылық жасауға бағытталған қылмыстық ойын жүзеге асыру мақсатында мерзімді әскери қызметшілер Рустамұлы, Шакирге көрінеу заңсыз бұйрық берген.
Ал мерзімді әскери қызметшілер Рустамұлы, Шакир батальон командирі Дархан Қазтай тарапынан қолдауға ие болып, оның бұйрығын орындауға өз еріктерімен келісім берген.
«Дархан Қазтай әскери бөлім аумағында әскери қызметшілерге, оның ішінде басшылық құрамына қатысты күш қолдануға бағытталған қылмыстық ойын жүзеге асырып, яғни күш қолдану арқылы қол-аяғын байлап, үнін шығармау үшін аузын жауып, шеткері жерге тастап кетуі салдарынан денсаулыққа аса зиян келіп, адам өліміне әкеп соғу мүмкіндігін түсініп, соған қарамастан өзіне бағынышты мерзімді әскери қызметшілер Рустамұлы, Шакирге көрінеу заңсыз бұйрық беріп қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастырған», – делінген айыптау актісінде.