Шерзат ісінен де қатаң жаза: Ақтөбеде төбелес кезінде адам өлтіргендер сотталды

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жаппай төбелес фактісі бойынша сотталушыларға ауыр жазалар шығарылды.
Істің мән-жайы
2024 жылғы 27 мамырда Ақтөбе қаласында айыпталушылар Н., Қ. және Д. кәмелетке толмаған інілерінің арасындағы жанжалды желеу етіп, жәбірленуші М.-нен және басқалардан 300 мың теңге немесе iPhone 13 талап еткен. Олар бас тартқан жағдайда қару қолданып, пышақ жарақатын саламыз деп қорқытқан.
2024 жылғы 28 мамыр күні түн ортасында «М» базарының автотұрағында айыпталушылар мен жәбірленушілер – барлығы 32 адам кездескен. Әңгімелесу барысында сотталушылардың бірі жәбірленушілер жаққа үш рет оқ атқан.
Содан кейін С., С-1 және Б. есімді сотталушылар екі ВАЗ автокөлігімен қашып бара жатқан адамдарды қаққан. Кәмелетке толмаған жәбірленуші бытыра қаруынан жарақат алып, құлаған кезде сотталушы Т. пышақты 1–2 рет сұғып, ал Е. оның бетіне 2–3 рет жұдырықпен соққы жасаған. Осыдан кейін Н., Д. және Қ. кәмелетке толмаған жәбірленушіге өмірлік маңызды жерлеріне бірнеше пышақ жарақатын салып, қолы мен аяғының сіңірлерін кесіп жіберген. С-2 қалған жәбірленушілерді қуған. Ауыр жарақат салдарынан кәмелетке толмаған жәбірленуші қаза тапқан.
Тағы 8 жәбірленуші аяқтарына тиген бытыра оғынан жеңіл дене жарақатын алған.
Айып тағылған 10 сотталушының барлығы өз кінәсын мойындамаған.
Дәлелдемелер
Сотталушылардың кінәсі барлық 32 жәбірленушінің көрсетулерімен, оқиға орнын нақтылау хаттамаларымен, заттай дәлелдемелермен, сараптама қорытындыларымен және сотта зерттелген басқа да мән-жайлармен дәлелденген.
Тағайындалған жаза
Сот үкімімен сотталушылар Н. мен Д.:
– ҚК-нің 194-б. 2-б 2-т., 28-б. 3-б. – 99-б. 2-б. 1),6),7),8),9) – тармақтарымен, 99-б. 2-б. 5),7),9),14) – тармақтарымен кінәлі деп танылды. ҚК-нің 58-б. 4-б. сәйкес, әрқайсысына, қылмыстырдың жиынтығы бойынша, жазаларды iшiнара қосу арқылы, түпкілікті 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қ. – осы баптармен және ҚК-нің 256-б. 2-б. кінәлі деп танылып, оған үкімдердің жиынтығы бойынша түпкілікті 22 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
С. – ҚК-нің 194-б. 2-б 2-т., 28-б. 5-б. – 99-б. 2-б. 1),6),7),8),9) – тармақтарымен кінәлі деп танылып, ҚК-нің 58-б. 4-б. сәйкес, түпкілікті 15 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
М., С-1, Е., Т. және С-2 ҚК-нің 194-б. 2-б 2-т., 24-б. 3-б. – 99-б. 2-б. 1),6),7),8),9) – тармақтарымен кінәлі деп танылып, ҚК-нің 58-б. 4-б. сәйкес, әрқайсысына, түпкілікті 15 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Б., ҚК-нің 194-б. 2-б 2-т., 24-б. 3-б. – 99-б. 2-б. 1),6),7),8),9) – тармақтарымен кінәлі деп танылып, оған, ҚК-нің 58-б. 4-б. сәйкес және ҚК-нің 55-б қолданылып, түпкілікті 11 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сотталушылар С, М., Б., С-1, Е., Т. және С-2, олардың іс әрекеттерінде ҚК-нің 99-б. 2-б, 1,5,7,9,14 – тармақтарында көзделген қылмыстың құрамы болмауына байланысты – ақталды.
Жәбірленушінің азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, сотталғандар Н., Қ., Д.-дан, әрқайсысынан 10 млн теңге моральдық зиян және үлестік тәртіпте 986 384 теңге мүліктік шығын өндірілген.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, осыдан бір айға жуық уақыт бұрын күллі ел бақылаған Шерзат ісі бойынша 9 сотталушыға үкім шыққан. Ол жерде басты айыпталушыға 23 жыл, екінші ауыр айып тағылған күдіктіге 20 жыл, тағы бір күдіктіге 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы шыққан. Бір адам 9, төрт адам 7, бір адам 1.5 жылға сотталған.