Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде киік етінен жасалған шұжықтың тәжірибелік өндірісі іске қосылды, деп хабарлады жергілікті Надежда басылымы.
Киік етінен жасалған алғашқы шұжықтар партиясы Жәңгір хан атындағы университеттегі жас ғалымдардың ғылыми жобасы аясында өндірілген. Ғалымдар өндіріспен қатар өнімнің тұтынушылық қасиетін де зерттеген.
«Жобамыздың негізгі мақсаты – өнімнің тұтынушылық қасиетін анықтау. Алдымен біз киік етінің сапалық көрсеткіштерін зерттедік, кейін қауіпсіздік көрсеткіштерін, яғни микробиологиялық қауіпсіздікті, ішек таяқшаларының, патогенді және шартты-патогенді бактериялардың болмауын қатаң бақылады, – деді «Азық-түлік қауіпсіздігі» ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі Аян Оразов.
Шұжықты өндіруде университет жанындағы «Ақбөкен» тәлімбағында өсірілген киіктердің еті пайдаланылған. Сонымен қатар, рецептурада құс еті, үйрек не қаз еті көрсетілген, олар да жергілікті тәлімбақта өсірілген.
«Зерттеу барысында ақбөкен еті өте сөлді екенін байқадық. Дайын өнім тоңазытқышта екі аптаға дейін сақтала алады», – дейді магистр Айдана Бекбосынова.
Ғалымдардың айтуынша, бір киіктен шамамен 13–15 кг ет алуға болады.
Жоба қатысушылары рецептіні жетілдіріп, авторлық патент алуды, содан кейін өндірісті бастауды жоспарлап отыр.
Соңғы есептеулер бойынша, Батыс Қазақстан облысында 2,3 миллион киік тіршілік етеді. Үкіметі ақбөкен етін өңдеуді бастауды жоспарлап отыр. Осы мақсатта жануарларды атып, олардың етін шикі өнім және консерв түрінде нарыққа шығару көзделген. Жоспар бойынша 800 мың бас далалық бөкенді алу көзделген.
Бұған дейін, 1 млн киік Ресейге ауып кеткенін, көрші ел оларды ату туралы шешім қабылдағанын жазғанбыз.
Одан бөлек, Қазақстан Қытайға 1,5 мың киік сыйлағалы жатыр.