Қазақстанда мұнай өндірісі қайта өсіп, рекордтық деңгейге жетті

Әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші 10 елдің бірі саналатын Қазақстанда мұнай өндірісі өткен айда қайтадан өсе бастап рекордтық деңгеймен теңесті. Бұл туралы Reuters агенттігі өзінің дереккөзіне сілтеме жасай отырып мәлім етті.
Басылым Chevron компаниясы басқаратын Теңіз кен орнында өндіріс артқанын, бұл өсімнің негізгі себебі болғанын атап өткен.
«Қазақстан ОПЕК+ белгілеген өндіріс квоталарын жиі асыра өндіріп жатыр. Бұл жағдай кейбір қатысушы елдердің наразылығын тудырып отыр. Дереккөздердің айтуынша, мұндай әрекеттер ОПЕК+ өндірісін жоспардан тыс жедел арттыруға итермелеген, өйткені ұйым нарықтағы үлес үшін күресіп, ережені бұзғандарды төмен баға арқылы «жазалауға» тырысуда», – деп жазады басылым.
Басылым дерегінше маусым айында Қазақстанда шикі мұнай өндірісі мамырмен салыстырғанда 7,5%-ға өсіп, тәулігіне 1,88 миллион баррельге жеткен. Бұл наурыз айындағы рекордтық көрсеткішпен тең, әрі ОПЕК+ келісімі бойынша маусымдағы 1,5 млн баррельдік квотадан едәуір жоғары.
Дереккөздің мәліметінше, мұнай және газ конденсатының жалпы өндірісі маусымда тәулігіне 2,15 миллион баррельге жетіп, мамырдағы 2,02 млн баррельмен салыстырғанда өсе түскен.
Елдегі ең ірі кен орны – Теңіздегі өндіріс те едәуір артқан. Кен орнында мамырда тәулігіне 813 200 баррель өндірілсе, маусымда туілігіне өндірілген мұнай көлемі 953 000 баррельге жеткен.
Reuters ҚазМұнайГаз деректеріне сүйеніп, Қазақстан биыл мұнай өндірісі жөніндегі бұрынғы жоспарын шамамен 2%-ға асыруы мүмкін деп болжайды. Оған Каспий өңіріндегі ірі кен орындарындағы жаңғырту жұмыстары себеп.
Бұған дейін агенттік Қазақстан мұнай мен мұнай өнімдері экспортына салынатын баж салығы көлемін бірден 5 долларға көтергеніне назар аударған.