Үш компания акциясы KASE индексінің өсуіне ықпал етті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
KASE
Фото: Kursiv.kz

Қазақстан қор биржасы (KASE) ниндекс екі күн қатарынан өсіп, 6018 пунктке жетті. Бұл – тарихи рекордқа (6026 пункт) өте жақын көрсеткіш. Индекстің көтерілуіне Halyk Bank, Kaspi.kz және «Қазақтелеком» акциялары негізгі үлес қосты.

Мысалы, бір күн ішінде:

  • «Қазақтелеком» акциясы 1,7%-ға,
  • Kaspi.kz – 1,5%-ға,
  • Halyk Bank – 1,1%-ға өсті.

Freedom Broker сарапшыларының айтуынша, Halyk Bank акциялары «үшбұрыш» деп аталатын техникалық шеңберден сенімді түрде шығып, жаңа биіктікке жеткен. Бұл ұзақ мерзімді өсуге жақсы белгі саналады. Сондай-ақ Банк ЦентрКредит акциялары да бір күнде 0,65%-ға өсті.

Соған қарамастан сарапшылар индекс алдағы күндері 5940–6030 пункт аралығындағы тар диапазонда қалыптасуы мүмкін дейді. Себебі баға өсуіне кедергі болатын техникалық деңгейлер әлі де бар.

Бұл арада халықаралық нарықта Kaspi-дің АҚШ Nasdaq биржасындағы депозитарлық жазбалары 1,5%-ға арзандады. Бұл оның графигіндегі төмендеу сызығынан кері серпілуін көрсетеді. Ал Kazatomprom-ның Лондон биржасындағы бағасы 0,7%-ға өсті, бірақ әлі де бірқалыпты қозғалыс шеңберінде қалып отыр.

Уран нарығында да құбылмалылық байқалады. Bloomberg дерегі бойынша, уран фьючерстерінің бағасы 7%-дан астам төмендеп, 1 фунт үшін 74,35 долларға дейін түсті. Бірақ осыған қарамастан уранға байланған ETF қорлары 1,7–1,9%-ға қымбаттады.

Валюта нарығында доллар бағамы 519,4 теңге деңгейінде тұрақты. Ал әлемдік доллар индексі (DXY) қатарынан жетінші сессияда төмендеуде.

Сыртқы факторлар да әсер етіп отыр. АҚШ-тағы S&P 500 индексі өсіп, жаңа рекорд жаңартты. Бұған сауда келіссөздері, әсіресе АҚШ пен Еуроодақ арасындағы тарифтерді төмендету туралы келісімдер мен пайыздық мөлшерлеменің күзде төмендеуі мүмкін деген болжамдар ықпал еткен.

Бұл компаниялар Қазақстандағы ең қымбат компаниялар қатарына кіреді.

Сондай-ақ оқыңыз