Банк пен қаржы

Маусым айында Ұлттық қордан 800 млн доллар сатылған

Теңге бір айда 1,7 пайыз құнсызданды / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдың маусым айында Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт қамтамасыз ету үшін 800 миллион АҚШ доллары көлемінде валюта сатылды. Бұл көрсеткіш Қазақстан қор биржасындағы жалпы сауда-саттық көлемінің 17%-ын немесе күн сайын орта есеппен 40 млн долларды құрады.

Ұлттық банктің мәліметінше, валюта нарығындағы операциялар аясында теңге бағамы бір айда 1,7%-ға әлсіреп, 1 АҚШ доллары үшін 519,73 теңге деңгейінде қалыптасты. Сауда-саттықтың орташа күндік көлемі де біршама азайып, мамырдағы 238 млн доллардан маусымда 235 млн долларға түсті. Ал бір айдағы жалпы сауда көлемі 4,7 млрд доллар болды.

Маусым айында интервенция жүргізілмеді. Дегенмен, квазимемлекеттік сектор субъектілері міндетті сату нормасы аясында шамамен 322 млн доллар сатты.

Сонымен қатар, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) портфелінің валюталық бөлігін кемінде 40% деңгейінде сақтау мақсатында Ұлттық банк биржада 188 млн доллар көлемінде шетел валютасын сатып алды.

Бұл – жалпы сауда көлемінің шамамен 4%-ына тең. Шілде айында зейнетақы активтері үшін сатып алу көлемі 100 млн доллардан аспайды деп болжанып отыр.

Ұлттық банк шілде айында Ұлттық қордан 600–700 млн доллар аралығында валюта сатуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, «айналау» операциясы шеңберінде өткен айда 213 млрд теңге алынған болса, шілдеде бұл мақсатта шамамен 290 млрд теңге баламасында валюта сату көзделген.

Реттеуші орган нарықтағы белсенділікті сақтап қалу үшін шетел валютасын сатуды біркелкі жүргізуге, яғни нарықтық бейтарап ұстанымға адал болуға тырысады.

Ұлттық банк қысқамерзімді перспективада теңге бағамы әлемдік нарықтардағы жағдайға, салық төлемдері кезеңіне және геосаяси факторларға тәуелді болатынын атап өтті.

Мамырда республикалық бюджетті қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 988 млн доллар бөлінген.