Өңдеу өнеркәсібіндегі PMI алғаш рет 50-ден төмен түсті: өндіріс баяулаған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдың маусым айында Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі жағдай сәл нашарлады. Бұған себеп – өндіріс көлемінің қысқаруы. Бұл соңғы 16 айда алғаш рет тіркеліп отыр. Freedom Holding Corp. пен S&P Global компаниялары бірлесіп жасаған арнайы индекс (PMI) 49,7-ге дейін төмендеді. Еске салсақ, бұл индекс 50-ден жоғары болса – жағдай жақсарды, ал 50-ден төмен болса – жағдай нашарлады дегенді білдіреді.

Сарапшылар бұл жағдайға бірнеше себепті келтіреді:

  • Өндіріс көлемі қысқарды: кейбір зауыттар техникалық жөндеуге тоқтады.
  • Жаңа тапсырыстар саны көбейіп жатқанымен, өсім баяулады: соңғы 8 айдағы ең төменгі деңгейге түсті.
  • Сұраныс біркелкі емес: кейбір компаниялар жаңа клиент тапса, басқаларында керісінше сұраныс азайып кеткен.

Жұмыспен қамту қысқарды

Өндіріс азайған соң, зауыттар мен фабрикалар қызметкерлер санын қысқартуға мәжбүр болды. Бұл – соңғы 15 айдағы жұмыс күшінің алғаш рет азаюы.

Маусым айында шикізат пен логистика (тасымал) бағасы қымбаттады. Сонымен қатар, валюта бағамының құбылуы да өндіріс шығындарын арттырды. Алайда, жалпы инфляция – яғни бағалардың өсу қарқыны – соңғы 8 айдағы ең баяу деңгейге жетті.

Қоймадағы қор азайып жатыр

Өндірушілер сатып алған тауарларын да азайта бастады. Қоймадағы дайын өнім де азайып барады, себебі бұрын жиналып қалған өнімдер тұтынушыларға жеткізіліп жатыр. Бұл да өндірістің баяулауын көрсетеді.

Шикізатты шетелден уақытында алу қиын болып барады. Жеткізу уақыты екінші ай қатарынан ұзарып келеді. Бұған әлемдік тасымал жүйелеріндегі кідірістер себеп.

Болашаққа деген сенім бар

Жағдай біршама нашарлағанымен, көптеген кәсіпорындар болашаққа сеніммен қарап отыр. Сауалнамаға қатысқан өндірушілердің 54%-ы алдағы 12 айда өндіріс көлемі өседі деп үміттенеді. Олар жаңа жобалар мен клиент базасын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Freedom Finance Global қаржылық талдау департаментінің директоры Ерлан Әбдікәрімов:

«Маусымда өңдеу өнеркәсібінде сұраныстың баяулауы мен техникалық үзілістер әсерінен өндіріс төмендеді. Бұл ұзақ дағдарыс емес, уақытша түзету болуы мүмкін. Дегенмен, шығындар мен тәуекелдер (шикізат, логистика, валюта бағамы) сақталып отыр. Кейбір ірі жобалар да кешігуі мүмкін. Сондықтан компаниялар жұмыс күшін қысқартып, жоспарларын қайта қарап жатыр. Бірақ іскерлік сенім артып келеді»,- деді.

PMI деген не?

PMI – Сатып алу менеджерлерінің индексі. Бұл көрсеткіш өндіріс, жаңа тапсырыстар, жұмыспен қамту, жеткізу уақыты мен қорлар сияқты факторлар негізінде есептеледі. 50-ден жоғары болса – салада өсім бар, 50-ден төмен болса – құлдырау бар деген сөз.

2025 жылдың мамыр айында Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібінің іскерлік белсенділік индексі (PMI) 51,3 пунктті құраған.

Сондай-ақ оқыңыз