
Танымал әнші Ұланғасыр Қамидің хитке айналған «Қызыл раушан» әні көптің көңілінен шығып, әлеуметтік желіде кеңінен таралған еді. Алайда бұл әннің жарыққа шығуына қатысты көпшілік біле бермейтін шындық бар. Әншінің продюсері Назерке Жартын шығармашылық жолдағы шынайы тарихымен бөлісіп, продюсерлік жұмыстың көлеңкеде қалатын тұстарын айтып берді.
Бәрі Қарағандыда басталды
«2021 жылы Қарағанды қаласында шағын фильмнің түсірілімінде таныстық. Ұланғасыр басты рөлдердің бірін сомдаса, мен режиссердің көмекшісі болдым. Сол кезде-ақ: «Арманым жұлдыз болу, кино түсіру», – деп айтып жүретін», – дейді продюсер.
Назеркенің айтуынша, олар шығармашылық серіктестікке бірден кірісіп кеткен. Ұланғасыр әнші атанып, Назерке продюсерлік жолға түсті. Алайда бұл жол оңай болмаған.
Арманы үшін депозиттегі ақшасын жұмсаған
«Мен ешқандай кәсіпкер емеспін. Бірақ тек бір мақсатым болды — Ұланғасырды арманына жеткізу. Ай сайын алатын жалақыма ән сатып алып беріп жүрдім. Ол кезде Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде ғылыми қызметкер болып жұмыс істейтінмін», – деп еске алды продюссер.
Кейін клип түсіру қажеттігі туындап, Назерке тіпті үй алуға деп жинаған депозиттегі ақшасын да шығармашылыққа жұмсап жіберген.
«Ақыры соңында клип түсірем деп шығындар көбейіп, үй аламын деп жинап жүрген ақшама дейін салдым».
«Қызыл раушанды» орындауға Ұланғасыр бірден келіспеген
«Бұл әнді 2022 жылдың қаңтарында Аманкелді Көшербаевтан сатып алдым. Мен іздеген нағыз хит осы болды. Бірақ Ұланғасыр басында орындаудан бас тартты. «Бұл – үлкендер тыңдайтын ән, мен жастар тыңдайтын ән айтам» деді», – дейді продюсер.
Алайда Назерке өз түсінігін былай жеткізді:
«Мен үшін хит деген – сенің әніңді кішкентай баладан бастап қарияға дейін тыңдап, соған билесе ғана нағыз хит болады».
Ақыры Ұланғасырды көндіріп, студияда 6 сағат бойы бірге отырып, әр буынын үйретіп әнді жаздырған.
TikTok-та бір түнде жарылды
«Келесі күні базарға барып рилс түсірдік. Оны TikTok-қа жүктедік. Бір түнде-ақ ән хитке айналды».
Клиптің сценарийі, режиссурасы мен түсірілімі — барлығы Назеркенің мойнында болған.
«Клипке идея – ауылдағы той форматында түсіру болды. Актерлерді ауыл тұрғындарының арасынан өзім таңдадым. Сценарийін де, режиссерлікті де өзім атқардым».