Алматының көшкін қаупі жоғары таулы аймақтарында инженерлік жұмыстар басталды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
көшкін қауіп
Алматының таулы аймақтарында көшкіннен қорғау мақсатында арнайы іс-шаралар жүргізіліп жатыр / Фото: Шымбұлақ тау шаңғы курорты

Көшкін қаупі жоғары Алматының таулы аймақтарында инженерлік жұмыстар басталды. Бұл туралы Алматы қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қаланың көшкін қаупі бар учаскелерінде жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысу үшін жауапты басқармалардың өкілдерімен жиын өткізген.

Сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Ерік Жұмабай қала шегінде көшкін қаупі бар учаскелер анықталғанын, ол жерлерде төтенше жағдайлардың алдын алу үшін инженерлік жұмыстар басталғанынан айтты.

Жиынға қатысқан жауапты органдар мәліметінше, 2024 жылы Алматыда 28 көшкін қаупі бар учаске анықталып, оның 14-де аудан әкімдіктерінің қаржысы есебінен нығайту жұмыстары жүргізілген. Сонымен бірге басқа төртеуінде меншік иелері қала құрылысын бақылау басқармасының талабына сәйкес, нығайту жұсмыстарын бастаған.

Мамандардың айтуынша, көшкін қаупі жоғары аймақтар қатарында мына учаскелер бар:

  • «Медеу» мұз айдынының жанындағы беткей;
  • Медеу ауданындағы Шымбұлақ пен Кеңсай-2-дегі автожолв;
  • Бостандық ауданындағы Алма-Арасан жолы;
  • Наурызбай ауданындағы Усиков көшесі;
  • «Ақжартау» бау-бақша қоғамы;
  • Жетісу ауданындағы Кемел шағынауданындағы зират жанындағы өзен арнасы, Қожамияров көшесі.

«Көшкін қаупі бар әрбір учаске аудан әкімдерінің жеке бақылауында болуға тиіс. Бұл жай ғана абаттандыру мәселесі емес, бұл тұрғындардың қауіпсіздік мәселесі», – деді Дархан Сатыбалды.

Сондай-ақ әкім аталған іс-шараларға қатысты жобалық-сметалық құжаттаманы аяқтауды тапсырған.

Айта кетейік, Алматы әкімдігі таулы аймақтағы құрылыстарды 2024 жылы 8 ақпанда болған қайғылы оқиғадан кейін реттеуге көшті. Бұл күні Медеу ауданындағы Тау-самалы ықшам ауданындағы екі үй топырақ астында қалды. Бір үй жартылай қираса, екіншісі толығымен қирап, бір отбасының 4 адамы бірдей қайтыс болды.

Бұдан кейін сол кездегі қала әкімі Ерболат Досаев таулы аймақтардағы құрылыстарды өз бақылауына алып, еңістігі 15 градустан асатын таулы жерлерде құрылыс бастауға тыйым салды. Сонымен бірге қауіпті учаскелерді рекреациялық аймаққа жатқызды.

Сондай-ақ оқыңыз