Астанадағы халықаралық мектеп директоры 900 млн теңгені жымқырған

«№81 Astana English School халықаралық мектебінің» директоры бухгалтермен сөз байласып, 900 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқырған. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ата-аналардан жинаған ақшаны да, бюджет қаражатын да қатар жымқырған
«Қаржы мониторингі агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті Астана қаласы әкімдігіне қарасты «№81 Astana English School халықаралық мектебі» КММ-нің лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізуде», – делінген баспасөз хабарламасында.
Агенттік Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Астана қаласы бойынша департаментімен бірлесіп, тексеріс жүргізген. Нәтижесінде мектептің бұрынғы директоры мен бас бухгалтердің сөз байласу арқылы 900 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғанын анықтаған.
Мектеп әкімшілігі бюджет қаражатымен бірге ата-аналардан да ақша жинап, жиналған қаражатты қолды қылған. Оқушылардың ата-анасынан жазғы лагерьге деп қолма-қол ақша жинаған. Бірақ бұл қаражат та мектеп шотына түспеген.
Қолды болған ақша қайда жұмсалған?
Бұдан бөлек бухгалтер мектепте жұмыс істемейтін адамның атына жалақы тағайындап, 16 млн теңге залал келтірген. Кей жағдайда мектеп қызметкері ретінде директор мен бухгалтер өз туыстарын жазған.
Осындай заңсыз жолмен алынған қаражаттың 382 млн теңгесіне күдіктілер жылжымайтын мүлік пен көлік сатып алған. Нақты айтқанда, бұл ақшаға бір коттедж және Астана ортасынан екі пәтер және жаңа автокөлік алған.
«Сот санкциясымен бұл мүлікке тыйым салынды. Күдіктілер қамауға алынды», – деп хабарлайды агенттік.
Еске сала кетсек, кеше 30 маусым күні Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мемлекеттік мектептермен бірге жекеменшік мектептерде және балабақшаларда тексеріс басталатынын айтқан болатын. Министр ведомствоның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен бірге мекемелердегі жемқорлықпен күресті бастайтынын мәлімдеді.