Mektep.edu платформасы ата-аналар мен ұстаздар үшін несімен тиімді

Елде Mektep.edu платформасы іске қосылған. Бұл платформа ата-аналар мен ұстаздар үшін де ыңғайлы етіп жасалған.
Ата-аналар үшін тиімді
Бұл платформа ата-аналарға баланың мектептегі әс-әрекетін бақылап отыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, ата-ана баласының сабаққа қатысуын, қандай баға алғанын, күнделікті ас мәзірімен таныса алады. Тіпті кейбір мектептерде онлайн трансляция қсылған. Ол арқылы ата-ана өз баласының не істеп отырғанын онлайн режимде бақылай алады.
«Жүйе баланың дамуын бақылауға, күнделігін көруге, мұғалімдердің үй тапсырмасын оқуға, балаларыңыздың сабақтарының барысын қадағалауға, сондай-ақ мектеп мұғалімдерімен онлайн диалог жүргізуге мүмкіндік береді», – делінген платформаның өзінде.
Ұстаздарға берілетін цифрлық мүмкіндік
Ал ұстаздар үшін бұл платформа оқу және ұйымдастыру үдерістерін автоматтандырып, мектеп қызметін оңтайландыруға және қағазбастылыққа қатысты жүктемелерді азайтуға мүмкіндік береді.
Жүйе мектептегі оқу үдерісін жоспарлауға және ұйымдастыруға көмектеседі. Бұл цифрлық шешім оқу күнтізбесін түзу, сабақ пен үй тапсырмасын құрылымдау сынды жұмыстарды жеңілдетеді.
Платформаның мынадай тиімді функциялары бар:
- Оқу үдерісін цифрландыруға мүмкіндік беріп, күнделікті оқу әрекеттерін электрондық форматқа көшіру арқылы қағазбастылықтан арылуға жол ашады;
- Ұйымдастырушылық функцияларды автоматтандыру тетігі бар. Сабақ кестелерін, қатысу мәліметтерін, журналдарды және бағаларды жүйелендіріп басқаруға мүмкіндік береді;
- Мұғалім жүктемесін жеңілдетеді. Қағаз құжаттарды толтырудың орнына, бір орталықтандырылған жүйеде барлық маңызды ақпаратпен жұмыс істеу тетігі бар;
- Жедел байланыс орнатады. Ата-аналармен және әкімшілікпен тиімді өзара әрекеттесу, хабарландырулар мен есептерді онлайн жібере алады;
- Ашықтық және дербестікті қамтамасыз етеді. Әрбір оқушының жетістіктерін нақты және ашық бақылауға мүмкіндік береді.