Жаңалықтар

Апатты 7 күн бұрын болжайтын Tasqyn жүйесі 2 су тасқыны туралы ғана ескерткен

2025 жылы Қазақстанда 1223 елді мекенде су тасқыны қаупі бар
2025 жылы Қазақстанда 1223 елді мекенде су тасқыны қаупі бар / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Су ресурстары және ирригация министрлігі жыл басынан бері көктемгі су тасқынын алдын-ала болжайтын заманауи жетілдірілген Tasqyn жүйесі іске қосылатынын хабарлаған болатын. Алайда көктемгі су тасқынына қауіпті кезеңде жүйе небары 2 ғана су тасқынын болжай алған. Бұл туралы үкімет отырысынан кейін өткен брифингте айтылды.

Брифинг барысында журналист Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтен Tasqyn жүйесінің тиімділігі жөнінде сұрады.

«Жақында Бозымбаев жиын өткізіп ел аумағында көктемгі мезгілде 16 су тасқыны тіркелгенін, оның ішінде 10-ын «Қазгидромет», 2-уін жаһандық GloFAS негізінде жұмыс істейтін Tasqyn жүйесі болжағаны айтылды. Сонда жүйе 16 су тасқынының тек екеуін болжай алып отыр ғой?» – деді журналист.

Министр қандай да бір апатты 100%-ға болжау мүмкін емес екенін айтты. Десе де, жүйенің 1200-ден астам елдімекенде су тасқыны болуы мүмкін екенін алдын-ала хабарлағанын атап өтті. Осы болжам нәтижесінде аталған елдімекендерде су тасқынының алдын алған.

«Алдын-ала болжамнан кейін жергілікті атқарушы орган су тасқынына дайындық жүргізе бастады. Соның нәтижесінде су тасқынына қауіпті кезеңінен сәтті өттік. Ал Tasqyn жүйесі алдағы уақытта жетілдіріле түседі», – деді министр.

Айта кетсек, көктемгі су тасқынына қауіпті кезеңде болжамды апаттар туралы алдын ала хабарлайтын Tasqyn жүйесі іске қосылатыны біраздан бері айтылып келді. Жүйенің апат туралы 85% дәлдікпен 7 күн бұрын болжайтыны, халықаралық  GloFAS жүйесімен интегрцияланатыны айтылды.