
Қазақстан мен Ресей шекарасында әлі де көлік кезегі сейілмеді. Өткізу бекетінен тәулік бойы өте алмай тұрған азаматтарға Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері көмекке келді.
ТЖМ мәліметінше, Мәртөк ауданындағы «Жайсан» шекаралық бақылау-өткізу бекетінде ауыр жүк көліктері жиналып қалған.
Кезек күтіп тұрған көпшілікке көмек көрсету үшін шекараға Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары мен №20982 әскери бөлімінің әскери қызметшілері жіберілген.
Шекара маңына жеткен әскерилер мен құтқарушылар жүргізушілерді ыстық тамақпен, ауызсумен қамтамасыз етіп, медициналық көмек көрсеткен.
«Қазіргі таңда жағдай тұрақты бақылауда. Жүргізушілерге қажетті көмекті көрсету бойынша барлық шара уақтылы қабылданып, ахуалды тұрақтандыру жұмыстары жалғасуда», – деп хабарлайды ТЖМ.
Шекарада мұндай күрделі жағдайдың қалыптасуына Ресей тарапының RuID жүйесін енгізуі себеп болған. Ресей елшілігі бұл жүйе шекарадан өтуді жеңілдету үшін енгізілгенін хабарлаған және жүйеге тіркелу ерікті болатынын мәлімдеген. Алайда 30 маусымда енгізілген бұл жүйе шекарада қиындықтар туғызған.
Айта кетейік, жүк көліктерінің Ресейге өте алмай жатқаны туралы ақпарат тарады. Кейбір жүргізушілердің 3 күннен бері өте алмай тұрғаны айтылды. Ал Ресейден Қазақстанға өтіп жатқан көлік ағынымен ешқандай қиындықтар туындамаған.