Қонаевта 15 млрд теңгеге агроөнеркәсіптік кластер салынып жатыр

Қонаевта 15 млрд теңгеге ірі агроөнеркәсіптік кластер салынып жатыр. Жоба аясында ұн, май, жем өндірісі және экспорт жоспарланған.
Инвестициялық жобаны 2010 жылдан бері ұн, мал азығы және өсімдік майларын өндірумен айналысып келе жатқан «Қапшағай Бидай Өнімдері» ЖШС іске асырады.
Өндірістік қуаты
Agropress ақпаратына қарағанда, жобаның жалпы құны – 15 млрд теңге. Кластер құрамына бірнеше өндірістік бағыт еніп отыр. Атап айтқанда, ұн тарту өндірісі, май өндіру, құрама жем зауыты, қапшық шығаратын кәсіпорын. Өндірістік қуаты – тәулігіне 1 500 тонна астық.
Жоба экспортқа бағытталған. Компания жыл сайын Қытайға 1 млн тоннаға дейін дайын өнім жеткізуді көздеп отыр.
240 млрд теңге –11 инвестициялық жоба
Жалпы, Қонаев қаласында қазіргі уақытта құны 240 млрд теңгеден асатын 11 ірі инвестициялық жоба қолға алынған. Соның ішінде 49,2 млрд теңгелік Sofood Kaz жобасы да бар. Ол ірімшік пен фри картобын өндіруге арналған.
Мұның алдында Қонаевта 8 млрд теңгеге ескі элеватор жаңғыртылып, 3 зауыт салынатыны хабарланған-ды.