
Мұхаммед пайғамбар карикатурасын салған LeMan журналының төрт қызметкері ұсталды. Бұл туралы Түркия полициясы мәлімдеді.
CNN ақпаратына қарағанда, оларға «Мұхаммед және Мұса пайғамбарларға карикатура салды және таратты» деген күдік келтірілген.
Карикатурада не бейнеленген?
Мұхаммед пайғамбар туралы карикатура саяси сатиралық журналға басылған. Онда қанаттары мен шапағат нұры бар мұсылман мен яһуди кездесіп, қол алысады. Ал төменде бомбалар жарылып жатыр.
Бұл сурет төрт күн ішінде әлеуметтік желілерде кең тараған. Стамбұлдың ең танымал туристік көшесіне жүздеген адам жиналып, «Алла ұлық» деп ұрандап карикатураға наразылық білдірген.
Түрік билігінің ұстанымы
Түрік билігі журналдың бұл әрекетін айыптады. Наразылар көшеге шыққан кезде, Түркияның ішкі істер министрлігі карикатуристердің тұтқындалып жатқаны туралы бейнежазба жариялаған. Елдің ішкі істер министрі Али Ерликая бұл карикатураны арандату деп атап, мұндайға барғандар заң алдында жауап беретінін айтты.
Оның айтуынша, Мұхаммед пайғамбар карикатурасы пікір еркіндігіне де, сөз бостандығына да жатпайды.
Журнал не деп жақауратты?
LeMan сатиралық журналы болса, карикатурадағы пайғамбар емес екенін алға тартып отыр.
«Бұл карикатура – Мұхамед пайғамбарды келеке ету емес. Израильдің бомбалауы кезінде қаза тапқан бір мұсылманның аты. Ислам әлемінде 200 миллион адамның аты Мұхамед деп аталады. Туындыда Мұхамед пайғамбардың аты мүлде аталмайды», – дейді журнал өкілдері.
Бұл мәлімдеме наразыларды тоқтатпады. Журнал редакциясының есігін келіп тепкен.
Айта кететін жайт, Түркия екі күннен бері елдің батысындағы Измир провинциясында тұтанған өртпен алысып жатыр.