«Кальмар ойыны» сериалындағы VIP-кейіпкерлерге Илон Маск шабыт берген

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Кальмар ойыны» сериалында VIP-кейіпкерлердің образын жасауға режиссер Хван Дон Хекке миллиардер Илон Маск шабыт берген. Time журналына берген сұхбатында осылай деп айтты.

Сериал сюжеті бойынша, VIP кейіпкерлер – ойынды бақылап отыратын бақуатты адамдар. Олар жанталасып, өмір үшін күресіп жатқан ойыншыларға сыртынан бәс тігеді. Режиссер Хван Дон Хектің сөзінше, сол кейіпкерлердің образын құрастырғанда оларды Илон Маскпен салыстырып отырған.

«Илон Маск қазір барлық жерде, солай ма? Барлығы сол туралы айтып жатыр. Ол алып технологиялық компанияның басшысы ғана емес. Ол әлемді басқарады деуге болады, ол шоумен. Үшінші маусымның сценарийін жазғанда кейбір «виптер» шын мәнінде соны (Илон Маск – ред) еске түсіреді деп ойладым», – деді ол.

«Кальмар ойыны» сериалында режиссер капитализмнің адамға теріс ықпалы, теңсіздік жайлы көзқарасын жеткізуге тырысады. Хван Дон Хектің сөзінше, вип-кейіпкерлерді тереңірек ашуға АҚШ-тың қазіргі саяси жағдайы да әсер еткен.

«Бұрын билік пен жүйені шын мәнінде бақылауда ұстаған адамдар көлеңкеде жүретін, бұл бір үлкен көрінбейтін астыртын ұйым секілді еді. Алайда қазір бәрі басқаша. Әсіресе, Америкада. Ірі технологиялық компаниялардың иелері алға шығып, өз ақшаларымен кімді қолдайтынын ашық айтып жүр. Жүйені расымен басқаратын адамдар енді жасырынып жүрген жоқ. Олар маскаларын қуана-қуана шешіп жатыр», – деді ол сұхбатында.

«Кальмар ойыны» – 2021 жылы жарық көрген оңтүстік кореялық триллер жанрындағы сериал. Жарық көре салысымен бірден әлемдік хитқа айналды. Жақында ғана Алматыдағы сауда орталықтарының бірінде сериалдағы қуыршақтың ескерткіші тұрғызылды.

Сондай-ақ оқыңыз