Жаңалықтар

Өзбекстан инвестиция үшін қалай бәсекелесе алады?

Фото: Роман Федотов / Kursiv Uzbekistan

Kursiv Uzbekistan ұйымдастыруымен Ташкентте «Капитал нарығы: инвестициялау үшін жаңа мүмкіндіктер» атты конференция өтті. Инвестиция нарығы белсенді дамып жатқандықтан Өзбекстан сырттан келетін инвесторлар үшін тартымды бола түсті. Шараға қатысқан Шетелдік инвестиция тарту бойынша агенттік директоры Мансуржон Расулов осылай деп мәлімдеді.

«Өзбекстанды өзге елдермен салыстырғанда, нарықтық экономикаға көшкеніне көп бола қойған жоқ», – деп атап өтті ол.

Әзірге, Өзбекстан Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі атанбады. Бұл бір жағынан инвесторлар үшін ерекше мүмкіндік. Олар халықаралық ережелерге сүйенбей, жергілікті нарықтағы өте ыңғайлы жағдайда жұмыс істей алады. Түркіменстан тәрізді елдермен салыстырғанда осының өзі Өзбекстан үшін ерекше артықшылық деп атап өтеді инвесторлар.

 Kursiv Uzbekistan директоры Анастасия Новикова нарықтың күрт өскенін де атап өтті.

«Қор биржасындағы сауда көлемі өткен жылы 7 есе өсіп, 18 млрд долларға жетті. Бұл – ЖІӨ-нің 16%-ы. Байқамай кету мүмкін емес тамаша динамика», – деді ол.

Конференция қатысушылары Өзбекстанда соңғы жылдары болған өзгерістерге тоқталды. Қазір Ташкент сынақтарды мүмкіндікке айналдырудың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Пандемиядан кейін ел экономикасы тұрақты қалпына келе бастады. Оған 2017-219 жылдардағы реформалар да ықпал етті. Бұл өзгерістер кешігіп әсер етсе де, қуатты нәтиже берді.

Конференция бағдарламасы төрт тақырыптық сессиядан тұрады:

«Қор нарығына қалай шығуға және инвесторларды қалай тартуға болады»
– Өзбекстан мен шетелде бағалы қағаздарды орналастырудың нақты кейстері талқыланады. Сарапшылар компаниялардың инвестицияны ашық сауда алаңдары арқылы қалай тартатынын түсіндіреді.
«Өзбекстандағы инвесторлардың назары қайда ауып жатыр»
– Капитал нарығындағы қазіргі үрдістер мен өзгерістердің талдауы. Сарапшылар инвесторлардың мінез-құлқы қалай өзгеріп жатқанын және капитал ағыны қай бағытқа бет алғанын талқылайды.
«Өзбекстанның облигациялар нарығы: инвестициялаудың жаңа құралдары»
– Облигацияларды орналастырып жүрген компаниялардың нақты тәжірибесімен таныстыру. Қатысушылар облигациялардың неге барған сайын танымал болып жатқанын және олардың қандай артықшылықтары бар екенін біледі.
«Ақша қайда жұмыс істейді»
– Дәстүрлі емес және баламалы инвестиция бағыттары бойынша пікірталас: жылжымайтын мүлік пен алтыннан бастап криптовалюта мен акцияларға дейін. Мақсат – табыс әкелетін нақты құралдарды түсіну.

Конференция спикерлері қатарында:
Ботир Кобилов – профессор, Техас университеті, Даллас (АҚШ)
Вячеслав Пак – Өзбекстан Республикасының Перспективалық жобалар жөніндегі ұлттық агенттігі директорының бірінші орынбасары
Георгий Паресишвили – «Тошкент» Республикалық қор биржасының басқарма төрағасы
Игорь Акулов – Barclays Bank UK, құрылымдық шешімдер бойынша даму нарықтары департаментінің директоры
Даурен Сапарғалиев – «Фридом Брокер Өзбекстан» компаниясының атқарушы директоры
Отар Шарикадзе – TBC Bank аға кеңесшісі, TBC Asset Management бас директоры болды.

Іс-шара TBC Bank, Payme, Инвестициялық институттардың ұлттық қауымдастығы және Universal банкі қолдауымен өтті.

Спикерлердің сөзін онлайн түрде мына жерден көруге болады.