
«Қазақстан электролиз зауытының» былтырғы түсімі 288 млрд теңгені құрайды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 11 млрд теңгеге артық. Бірақ түсімі артқанмен кәсіпорын 2024 жылы қарыз беруін де көбейтіпті. Бұл жайлы жариялаған қаржы есебінен көруге болады.
Былтыр зауыттың таза табысы (салықты және басқа да операциялық шығындарды есептегеннен кейін бір жыл ішіндегі пайда) 59,046 млрд теңге болды. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда (16,897 млрд) 3,5 есе өскен.
Табысы жағынан жақсы өсім көрсеткенмен, компаниядағы ақша ағыны 73%-ға төмендеген. 2023 жылы зауыттағы ақша ағыны 158 млрд теңге болса, былтыр бұл көрсеткіш 42 млрд-қа тең.
Бұған салық пен банктерге пайыз бойынша төлемдердің артуы, қосымша операциялық шығындар себеп. Мәселен, компания былтыр банктерге пайыз бойынша 13,7 млрд теңге, салыққа 7 млрд теңге жұмсаған.
Инвестициялық әрекеті
Компания түсімнің 7,6%-ын инвестицияға бөлген. 2023 жылы бұл секторға 104 млрд теңге жұмсаса, былтыр 21,7 млрд теңге кетті.
Былтыр «Қазақстандық электролиз зауыты» Хромтау жел электр станциясының құрылысын бастаған. Жобаға қатысты екі турбина іске қосылған, 2025 жылы толық аяқталуы керек. Бұл жобасын қаржыландыру үшін компания Қазақстан Даму Банкінен 74 млрд теңгеге дейінгі несие желісін тартты. Қаржылық есепте, компания бұл жобаны маңызды инвестициялық бағыт ретінде атап өтеді.
Компания қарыздары
Инвестиция көлемі едеәуір азайғанмен, зауыт қарыз беруін көбейтті. 2023 жылы ішкі топтарына қысқамерзімді 100 млрд теңге көлемінде қарыз берсе, былтыр бұл көрсеткіш 127 млрд теңгеге дейін көбейді. Қарыздар 6,76% мөлшерлемемен берілген, жабу мерзімі – бір жыл. Былтыр берілген және оның алдында берілген қарыздардың 135 млрд теңгесі қайтарылған. Бірақ бұрын берілген кейбір несие шығын деп танылып, оның мерзімі 2024 жылдан 2025 жылға дейін ұзартылды.
Қазақстан электролиз зауыты 2005 жылы 17 наурызда тіркелген, ERG тобына кіреді. Елімізде алюминий өндіретін жалғыз зауыт деп есептеледі. Кәсіпорын Павлодарда орналасқан.
Зауыт шығаратын алюминий құймалары және басқа да өңделмеген өнімдер Ресей, Қытай, Түркия және Еуропа елдеріне экспортталады.