
Russia Today медиахолдингіне қарасты «Sputnik Әзербайжанның» Бакудегі кеңсесі тінтіліп, тағы жеті адам ұсталды. Бұл туралы жергілікті АПА агенттігі хабарлады.
Редакциядағы тінтуді Әзербайжан ішкі істер министрлігінің қызметкерлері жүргізген. Бұған қоса, ұсталған азаматтардың үстінен қылмыстық іс қозғалған.
«АПА-ға түскен мәліметке сәйкес, заңсыз кәсіпкерлік, алаяқтық, қылмыстан түскен пайданы заңдастыру баптары негізінде қылмыстық іс қозғалды. Екі адам ұсталды, тағы бес адам қылмыстық жауапқа тартылды», – деп жазды басылым.
Жергілікті полиция бір күн бұрын осы редакцияны тексеруге барған. Өйткені филиал аккредитациясы 2025 жылғы ақпанда тоқтаған. Соған қарамастан, медиа жұмыс істеп жатқаны тексеру барысында анықталған. Бір күн бұрын редакция басшысы Игорь Картавых пен аға редактор Евгений Белоусовтың ұсталғаны мәлім болған.
«Sputnik Әзербайжан» басылымы Russia Today медиатобына қарайды. RT-нің бас редакторы – Маргарита Симоньян. 2023 жылы Еуроодаққа мүше елдердің бәрі ресейлік осы медиаға санкция салған.
Кейінгі бірнеше күнде Баку мен Мәскеу арасы күрт суып кетті. Бұған Екатеринбург қаласында әзербайжандарды жаппай ұстау оқиғасы себеп болған. Сол кезде Әзербайжан СІМ рейд барысында адам қаза тапқанын мәлімдеп, кінәлілерді жауапқа тартуды талап еткен.