Жаңалықтар

Таиланд соты премьер-министрді қызметтен шеттетті

Жоғарғы сот тай премьер-министрі Пхэтхонгтхан Чиннаватты қызметтен шеттетті / фото: shutterstock
Жоғарғы сот тай премьер-министрі Пхэтхонгтхан Чиннаватты қызметтен шеттетті / фото: shutterstock

Таиланд Жоғарғы соты премьер-министр Пхэтхонгтхан Чиннаватты қызметтен шеттету жөнінде шешім шығарды. Сот саясаткер әрекетін этикаға жат деп тапты. Бұл туралы Bloomberg хабарлады.

Шешімді тоғыз судьяның жетеуі қолдады. Чиннаваттың билікке келгеніне бір жыл толған жоқ. Ол елдің бұрынғы ықпалды премьер-министра Таксин Чиннаваттың кенже қызы.

Бұған дейін саясаткердің Камбоджаның бұрынғы жетекшісі Хун Сенмен телефон арқылы әңгімесі жарияланып кеткен. Премьер тай армиясын сынаған. Соның өзі елде халық наразылығының артуына түрткі болды. Мыңдаған азамат 38 жастағы премьердің биліктен кетуін талап етіп жүр. Саясаткердің халық арасындағы беделі күрт түсіп кетті.

Осының алдында Чиннават биліктен өз еркімен кетуден бас тартқан. Ол халық алдында кешірім сұрап, саяси дағдарысты еңсеруге тырысқан. Дегенмен Чиннаваттың саяси бәсекелестері оны биліктен кетіруге тырысып жүр.

Бұл уақытта Таиланд пен Камбоджа арасындағы шекара дауы ушығып барады. Көрші елдер сауданы, халықтың шекарадан өтуін шектеді.