
Бұрын біреу сізге «бір батырманы басып-ақ қай жерде қалай емделгеніңізді, дертіңіздің тарихын анықтау мүмкін» десе, сену қиын еді. Ауылда салдырған екпеңіз жайлы ақпаратты Америкадағы дәрігер көре алады десе ше? Фантастика сияқты көріне ме? Болмаса, бір жерде оқыған курста алған сертификаттың қағаз нұсқасын сақтап жүрудің керегі жоқ десе қуанасыз, солай емес пе? Мұның бәрі қазірдің өзінде мүмкін болып жатыр. Алдағы 50 жылда емес, одан әлдеқайда жақын арада осыған жетеміз. Олай болса, білім мен медицина саласына NFT қалай еніп жатқаны туралы айтайық.
NFT әлеміне қош келдіңіз!
Бұған дейін NFT десе, көбіне дижитал өнер жайлы деп қабылдайтынбыз. Көз алдымызға әрі кетсе Bored Apeмаймылдары келетін. Сөйтсек, бұл бергі жағы ғана екен. Қазір қандай өзгеріс бар? Бүгінде NFT арқылы цифрлық нәрсенің сізге тиесілі екенін дәлелдей аласыз. Өнер саласындағы ғана емес, диплом, дәрігер жазып берген рецепт — бәрін көрсетуге болады. NFT сөзі non–fungible token яки «басқамен ауыстыруға келмейтін бірегей токен»дегенді білдіреді. Былайша айтқанда, кәдімгі ЖСН мен төлқұжат сияқты дүние. Әркімдікі — өзіне.
Медицина саласына NFT қалай көмектеседі?
1. Барлық тарих бір жерде тұрады. Қағазбастылық азаяды
Мысалы былай елестетіп көріңіз: шетелде жүрсіз. Ауырып қалып, дәрігерге бару керек болып қалды. NFT-файлды қолданба арқылы көрсетсеңіз болды — дәрігер сіз туралы барлық ақпаратты дереу алады. Анализ, рецептілерді өзіңізбен тасып жүрмейсіз. Әрі ең маңыздысы: ол файлды ашуға өзіңіз ғана рұқсат бере аласыз. Уақытын да өзіңіз шешесіз. Мұндай NFT блокчейннің ішінде сақталады. Сондықтан оны жоғалтып алу, деректерін ұрлау, қолдан сондай файл жасау мүмкін емес. Қазір АҚШ-тағы Patientory компаниясы науқастарына осындай қорғалған профайлдар жасап жатыр. Бұл дижитал денсаулық картасы сияқты жұмыс істейді. Оны өзіңізден басқа ешкім аша алмайды.
2. Жалған дәрілермен күреске жақсы. Қауіпсіздік мықтырақ
Фармацевтикалық компаниялар қаптамадағы дәрілердің жалған емес екенін тексеру үшін NFT қолданады. Әр препараттың дижитал токені болады. Науқас кодты скан жасап, кассадағы түбіртекті тексергендей тексеріп ала алады.
NFT білім саласына да пайдасын тигізеді
1. Дипломдарды қолдан жасауға болмайды, жоғалтып алмайсыз
Қағаз дипломын жоғалтып алып, жасату үшін көп уақыт кетіретін жағдай жиі болады. Кейбірі тіпті өтірік диплом жасатады. Ал енді сізде NFT-құжат болса, онда мұндай қорқыныш жоқ. Құжат блокчейнде сақталады. Сол арқылы сіз оқыған курс, университет, сертификат— бәрін мәңгілікке бір жерде сақтап, көрсете аласыз.
Мәселен:
- АҚШ-тағы MIT университетінде студенттерге қазірдің өзінде NFT-диплом беріледі.
- Үндістанда Білім министрлігі білігі бар-жоғын тексеру процесін жеңілдету үшін токен түрінде сертификат береді.
2. Қысқа курстар, жаңа машық — бәрі токеннің ішінде
Бүгінде университеттегі бакалавриат, магистратудан бөлек, қысқа курстарға да сұраныс жоғары. Болмаса, машығын арттыру үшін уоркшоптарға жиі қатысады. Айталық, SEO туралы 10 сағаттық курс алдыңыз делік. Одан кейін Figma үйрететін уоркшопқа қатыстыңыз. Осылардан сізге NFT-бейдж берсе, бәрі сақталып тұрады. Барлық оқығаныңыз бір жерде тұратын дижитал сөмке деп елестетсеңіз болады.
NFT тағы қай жерлерде қолданысқа еніп жатыр?
— Компания ішіндегі жетістіктерге берілетін бейдж
Қазір кей компаниялар қызметкерлеріне жобаны сәтті жасағаны үшін NFT-бейдж беретін болған. Ол да бір медаль сияқты. Болашақта соны көрсетіп түйіндемеңізге қоссаңыз болады.
— Күнделіктер
Оңтүстік Корея мен Эстонияда NFT-күнделіктер сынақтан өткізіліп жатыр. Ол жерде оқушының қалай оқығаны, сабаққа барғаны туралы ақпарат тұрады. Бірақ бәрі қорғалған жүйенің ішінде болады. Ата-аналарына хабарлама барады. Ол деректер ұрланбайды, қолдан жасалмайды.
— Авторлықты қорғаудың жолы
Ғалымдар өз жұмыстарына авторлық қорғауы үшін NFT жасаса болады. Әсіресе, медицина мен фарм саласында мұндай нәрсе керек-ақ.
Қандай кедергілер бар?
NFT десе әзірге әлі күмәнмен қарайтындар бар. Болмаса, фантастика деп қабылдау басым. Қандай ньюанстар барына тоқталайық:
- Бәрі бірдей дайын емес: мысалы дәрігерлер мен оқытушылар, компаниялар оны қалай қолдану керегін білмейді.
- Заңға қатысты қиындық: көп елдерде әзірге NFT-ді құжаттармен сәйкестендірудің заңды жолы нақты бекітілмеген.
- Технологияларға ресурс көп керек: блокчейн жалпы алғанда энергияны өте көп жейді әрі қымбат.
Алда не күтеміз?
NFT — крипто әлемнен алынған сөз ғана емес. Бұл өмірді жеңілдететін, қауіпсіз ететін құрал дей аламыз. Мыңдаған қағаздың орнын бір токен баса алады. Әлемнің басқа бұрышында отырып-ақ өзіңіз туралы деректерді алуға рұқсат берсеңіз болады. «Қағазым қалып қойды» деп жүрмейсіз.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін технологиялардың сән әлемін қалай өзгертіп жатқаны туралы жазғанбыз.