Шымкентте шілде кіргелі өрт саны артып, жедел жәрдем шақырушылар көбейген

Жарияланды
Шымкентте шілде кіргелі өрт саны артты / фото: ЖИ

Шымкентте аптап ыстықтан салқын су ішіп, мұз пайдаланып, суға түсіп не мұздатқыштың әсерінен суық тиіп ауырғандардың саны артқан. Дәрігерлер оған қоса шілденің шіліңгір ыстығы қарттар және созылмалы аурумен ауыратындарға ауыр соғып тұр дейді. Ал қалалық төтенше жағдайлар департаменті аптап ыстыққа байланысты өрт күрт көбейгенін хабарлады.

Қалалық жедел жәрдем станцасының бас дәрігері Гүлнәр Құрманбекованың айтуынша, қалада аптап ыстық өткен аптада қатты байқалған. Сәйкесінше жедел жәрдем қызметін шақырушылар да көбейген.

«Шілде кірді, күн әдеттегіден ыстық. Қазір мұздай су ішеді не мұз жейді. Мұздатқыш қосады, шомылады. Соған байланысты тамақ аурулар мен суық тигендер көбейді. Қариялар мен созылмалы аурулар, оның ішінде жүрек-қан тамырлары аурумен ауыратындарға, әрине ауырлау болып тұр. Десе де әзірге ауруы асқынып, өмірлеріне қауіп төнгендер жоқ. Бірақ көмекке шақырып жатыр» дейді Гүлнәр Құрманбекова.

Бас дәрігердің сөзінше, қатты ыстықта жедел жәрдем қызметін шақырушылар саны тәулігіне 1900-ден 2100-ге дейін барған. Бұл әдеттегіден салыстырмалы түрде алғанда 70-150 шақыртуға артық. Тамақ аурулар мен суық тигендердің дерлік барлығы жедел жәрдем қызметкерлерінен медициналық кеңес алады. Көбіне емханаға барып емделді. Тек 1 жасқа дейінгі балалар денсаулық жағдайына қарай ауруханаға жеткізіледі.

«Қазірге күн өтіп кетіп, жедел жәрдем қызметін шақырғандар жоқ» деді бас дәрігер.
Шымкентте жылда шілдеде күн қатты ысып, жедел жәрдем қызметін шақырушылар саны артады. Шақырту саны кейде 2200-ден асып түседі.

Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің Курсивке хабарлауынша, аптап ыстық пен адам адам факторына байланысты Шымкентте өрт саны да күрт өскен. Мысалы, өрттің 50-60 пайызы тұрғын үйлер мен көлік құралдарында шыққан. Басты себебі электр жабдықтарын дұрыс орнатылмаған, пайдалану ережелері бұзылған.

«Жыл басынан бері қала аумағында төтенше жағдай ретінде есепке алынған 202 өрт оқиғасы тіркелді. Оқиғалардың салдарынан 411 миллион 385 мың теңге материалдық шығын келген. Биылғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өрт саны 63 пайызға артқан» делінген департамент хабарламасында.

Сондай-ақ оқыңыз