Амнистияға іліккендердің алғашқы легі бостандыққа шықты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Амнистия жасалғандардың алғашқы легі бостандыққа шықты/фото: kursiv.media

Рақымшылыққа іліккен сотталғандардың алғашқы легі бостандыққа шықты. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің хабарлауынша, амнистия жасалған бірінші адам Қостанай облысында бостандыққа шыққан.

Қостанай облысындағы колонияларда 2 мыңға жуық сотталушы жазасын өтеп жатыр. Оның ішінде амнистия аясында жазасын өтеп жатқан 300 адамға рақымшылық жасалады. Заңға сәйкес бүгін сотталғандардың алғашқы легі босатылды.

«Рақымшылық аясында босатылған адамдар жаңа өмір жағдайына бейімделу үшін қажетті қолдау алады. Оларға жұмысқа орналасуға, әлеуметтік байланыстарды қалпына келтіруге және қажетті құжаттарды алуға жәрдем көрсетіледі. Мамандар психологиялық көмек көрсетеді, жаңа дағдыларды игеруге және қоғамда өз орнын табуға көмектеседі. Қоғамның бұл адамдарға түсіністікпен және қолдаумен қарауы маңызды», – делінген ақпаратта.

Айта кетейік, елімізде 2 мыңға жуық адам бас бостандығынан айыру мекемелерінен босатылады. ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Баймағанбетовтің сөзінше, қазір санау жұмыстары жүріп жатыр.

«Амнистия туралы заң кеше ғана күшіне енді. Комитеттің аймақтардағы департаменттеріне нұсқаулық жібердік. Олар санау жұмыстарын атқарып жатыр. Яғни, рақымшылық жасалатын баптарға сәйкес кімдердің түрмеден босатылатынын санап жатыр. Бір айдың ішінде қай мекемеден қанша адамның босайтыны туралы мәлімет береміз», – дейді комитеті төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ оқыңыз