«Бұйрық орындауға шықтық»: әскеридің қазасынан кейін қамалған сарбаз сотта не деді

Әскери сотта кісі қолынан қаза тапқан капитан Дархан Дәулет ісі бойынша сот тергеуі аяқталды. 2025 жылдың 1 шілдесінде тараптар сот жарыссөзіне өтті.
Істің мән-жайы
Марқұм Дархан Дәулет Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылында 5 жыл қызмет еткен. 2024 жылдың қыркүйегінде Жаркентке инженерлік бөлімнің бастығы болып ауысқан. 2024 жылдың 13 қарашасынан 14 қарашасына қараған түні тәуліктік кезекшілікке түскен. 26 жастағы әскери сол түні қайтыс болған.
Сотталушылар қатарында 4 адам бар: майор Дархан Қазтай 1988 жылы туған, ал үш сарбаз – Нұрман Әбсадық, Бақберген Рустамұлы, Аят Шакир 19-20 жаста.
12-16 жылға соттауды сұрады
Жарыссөзді бастамас бұрын істі қарап жатқан судья сотталушыларды кезек-кезек ортаға шығарып, кей мән-жайды нақтылайтын сұрақ қойды.
Содан кейін мемлекеттік айыптаушы Саят Баймұсаев жарыссөзде сөйледі.
«Майор Дархан Қазтай батальон командирі және қызметтік жағдайына байланысты лауазымды тұлға болғандықтан, сарбаздарға заңсыз бұйрық беріп, өзінің құқығы шеңберінен шыққан. Оның салдары ауыр зардапқа алып келген. Қазтай сарбаздармен сөз байласу арқылы адамдар тобы болып бастыққа қарсы күш қолдануды ұйымдастырған. Сотталушылар Рустамұлы, Шакир, Әбсадық заңсыз бұйрықты орындау мақсатында алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып, бастыққа қарсы күш қолданған», – деді прокурор Саят Баймұсаев.

Осылайша прокурор сотталушы Дархан Қазтайды қылмыстық кодекстің 451-бабы 2-бөлігі, қылмыстық кодекстің 28-бабының 3-бөлігі – 439-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 16 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сарбаз Бақберген Рустамұлын қылмыстық кодекстің 439-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Аят Шакирді қылмыстық кодекстің 439-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Нұрман Әбсадықты қылмыстық кодекстің 439-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Басты сотталушы не деді?
Жаркенттегі 74261 әскери гарнизонында қызмет еткен майор Дархан Қазтай сотта жауапкершіліктен қашпайтынын айтты.
«… Біз оны әдейі өлтірген жоқпыз. Төбемізде Құдай бар ғой. Жаман ниетпен істеген жоқпын. Жақсылық істегім келді. Әскерилермен жұмыс істеу қазір қиын. (…) Әрбір айтқан сөзімді бұрмалап, басқаша жеткізіп жатыр бәрі. Жауыз қылып көрсетіп жатыр. Түсінесіз бе оның бәрін? Ақталып жатқан жоқпын. Өз кінәмді бірінші болып мойындадым. Өзім әскери полицияны шақырдым. Бәрі басын алып қашып жатыр. Өзіме тағылған айыппен келісемін. Өзімнің өкілетімді асыра пайдаландым. Бірақ біреуді өлтір деп айтқан жоқпын, ештеңе ұйымдастырған жоқпын. Біреуді өлтіріп тастайтын жауыз адам емеспін», – деді сотталушы Қазтай.
«Біз тек бұйрық орындауға бардық»
Сотталушы сарбаз Бақберген Рустамұлы жарыссөзде өзінің бұйрық орындауға барғанын айтты.
«Адам өледі деген ой болмады. Біз бұйрықты қаз-қалпында орындадық. Өз-өзіме жау емеспін ғой. Жалғыз анам бар, 5 қарындасым бар. Отан алдындағы борышымды өтеуге әскерге бардым. Дархан Қазтай бізге берген жалғыз жүрген диверсантты ұста деген бұйрығын орындадым. Орындауға мәжбүр болдым. Дархан Дәулетті бұған дейін көрген емеспін. Танымаймын. Мүмкін бір жерден көрдім», – деді жарыссөзде сотталушы.
Ол қайғылы оқиға болған күні сарбаздар іс-әрекетін алдын ала келісіп алмағанын айтты.
«Айыптау актісіне толық келіспеймін. Өзім жасаған іс-әрекетімді толық мойындаймын. Бірақ қылмыстық кодекстің 439-бабы 3-бөлігі бойынша тағылған айыпқа келіспеймін. Менің әрекетімді қылмыстық кодекстің 104-бабы немесе 119-бабы бойынша саралауды сұраймын», – деді Рустамұлы.
Айта кетейік, қылмыстық кодекстің 104-бабында «абайсызда қазаға ұшырату» әрекеті, ал 119-бабында «қауіпті жағдайда қалдыру» әрекеті көрсетілген.
Жәбірленушілер не деді?
Жарыссөз барысында марқұмның ата-анасы мен қарындасы сөйледі. Қарындасы Тоғжан Дәулет сотталушыларды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.
«Сіз тапсырма бермегенде мұндай жағдай болмайтын еді. 4 қызыңыздың алдында абыройы бар әке болғыңыз келсе, жасаған қылмысыңызды мойындауыңызды сұраймын. Құрметті сот, Дархан Қазтай жасаған ісі бойынша толық жауап беріп, оны өмір бойына бас бостандығынан айыруыңызды сұраймын.
Рустамұлы, Шакир, Әбсадық – майордың сеніміне кірген сарбаздар. Олардың Дархан Дәулетті танымауы мүмкін емес. Жасырын камераға түсірілген видеодаға сәйкес, капитанды танитынын айтып, «ответственный» екенін айтпайық деп алдын ала ақылдасқан. Рустамұлы қазір жалғызбасты ананың ұлымын деп жатыр. Қылмысты жасаған сәтте жалғыз анасын ойлауы керек еді. Шакир көпбалалы отбасыдан шыққанын айтып, қолымен жасаған ісінің жазасынан құтылуға тырысып жатыр. Біз сіздердің отбасыларыңызбен соттасып жатқан жоқпыз. Бізге сендер қылмысқа толық жауап берсеңдер болды. Нұрман көпбалалы отбасыдан шықтым, көзім -4 деп қашып жатыр. Сол күні өз еркіңмен қосылдың, өзің жауап бер», – деді Тоғжан Дәулет.
Марқұмның отбасы «Дарханды не себепті өлтірді?» деген сұраққа әлі жауап таба алмағанын айтады.
«Қандай жамандық жасағанын төртеуің де айта алмайсың. Үшеуіңнің де жаның ашыған жоқ. Құрметті сот, төртеуін де қатаң режимдегі түрмеге жіберуіңізді, өмір бойына бас бостандығынан айыруыңызды сұраймын», – деді жәбірленуші.
Марқұмның анасы Назгүл Дошибекова сотталушылардың ұйымдасқан қылмысты мойындамай отырғанын айтады.
«…Ұлымды не үшін азаптап өлтіргенін білмейміз. Майор ұйымдастырып отыр. Жіп алып шығыңдар, лауазымына қарамаңдар, тысқары жерге тастаңдар деген. Соны сарбаздар асыра орындап отыр. Жастардың бойында аса қатыгездік бар. Бұл – қоғамның кінәсі. Прокурор сарбаздарды 12-13 жылға, майорды 16 жылға соттауды сұрап отыр. Біз оған келіспейміз. Жауапты болып кезекшілікке түскен адамды байлап өлтіру – мемлекетке жасалған қастандық», – дейді марқұмның анасы.
Келесі сот отырысы 2025 жылдың 9 шілдесінде өтеді.