
Қазақстанда студенттерді нарық талаптарына сай даярлау жұмысы күшейтіліп жатыр. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, енді әрбір студент жасанды интеллект бойынша курс оқып, сертификат алуға тиіс. Болашақта бұл барлық студенттер үшін міндетті талап болады, деп хабарлайды Euronews.
«Қазақстандағы әрбір студент жасанды интеллект курсынан өтіп, сертификат алуы керек. 650 мың студенттің ішінде 4 мыңнан астамы қазірдің өзінде сертификат алды», – деді министр.
Сондай-ақ елімізде студенттер мен оқытушылардың стартаптарын қолдауға бағытталған 100 миллион долларлық арнайы қор іске қосылады. Мұнда да жасанды интеллект саласындағы жобаларға басымдық беріледі.
Бұдан бөлек университеттерде шетелдік серіктестермен бірлескен ғылыми-зерттеу орталықтары ашылып жатыр. Олар пайдалы қазбаларды байыту, тау-кен ісі және металлургия сияқты бағыттарды қамтиды.