Иран МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты тоқтатты

Иран президенті Масуд Пезешкиан Халықаралық атом энергиясы агенттігі МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты тоқтату туралы заңды мақұлдады. Бұл туралы Reuters хабарлады.
Енді МАГАТЭ инспекторлары Иранның ядролық нысандарына тек Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі Жоғарғы кеңестің рұқсатымен ғана кіре алады. Бұл шешімді Иран билігі МАГАТЭ Тегеранды ядролық келісімді бұзды деп мәлімдегеннен кейін қабылдаған.
Тегеран МАГАТЭ-ны батыс елдерінің мүддесіне жұмыс істеп отыр деп есептейді.
Бұған дейін, Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Эсмаил Бағаи Иран парламенті МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты тоқтату туралы шешім қабылдағанын, алайда Иран Ядролық қаруды таратпау туралы шарттағы (ЯҚТШ) мүшелігін тоқтату жөнінде шешім қабылдамағанын айтқан. Бұл келісім ядролық қарудың әлемге таралуын болдырмауға және бейбіт мақсатта ядролық технологияны пайдалануға бағытталған.
МАГАТЭ болса, 12 күнге созылған Израиль-Иран қақтығысы мен оған АҚШ-тың араласуынан кейін Тегаранның бірнеше ядролық нысандарына «елеулі зақым келтіргенін» хабарлаған.