
Әлемдегі ең ірі банктердің бірі — JPMorgan Chase Bank өз ноталарын Astana International Exchange (AIX) биржасында JPM1.0229 тикерімен кросс-листингке шығарды.
Ноталар дегеніміз не?
Нота — бұл облигацияға ұқсас қарыздық бағалы қағаз. Ол бойынша эмитент (яғни JPMorgan) белгілі бір мерзім ішінде белгіленген пайызбен табыс төлеуге міндеттеледі. Бұл нота бес жыл мерзімге, яғни 2029 жылдың 29 ақпанына дейін шығарылған және жылдық 12,6% мөлшерлемемен табыс әкеледі.
Нотаның валютасы – теңге, ал бір нота 100 млн теңге тұрады. Бұл құрал тұрақты табыс іздейтін институционалдық және кәсіби инвесторлар үшін қызықты болуы мүмкін.
JPMorgan-ның бұл ноталары алғаш рет 2024 жылғы 24 ақпанда Люксембург биржасында (LuxSE) орналастырылған болатын.
Енді осы ноталар AIX биржасына екінші нарықта қосымша орналастырылады, яғни оларды енді қазақстандық инвесторлар да сатып ала алады.
JPMorgan Chase — АҚШ-тағы ең ірі банк. 20255 жылдың наурыз айындағы жағдай бойынша банк активтері $4,3 трлн-ды құрайды. Бұл банк әлемдік қаржы жүйесінде маңызды рөл атқарады.
AIX биржасындағы өсім
Astana International Exchange – Қазақстандағы жетекші халықаралық қаржы алаңы. 2024 жылы AIX сауда көлемі 2,2 есе өсіп, 1,3 млрд долларға жетті. Биыл биржа арқылы 2,3 млрд доллар капитал тартылған. Барлығы 256 қаржы құралы орналастырылып, 148 эмитент тартылған, олардың ішінде 68-і жаңа эмитенттер.