Үлескерлер салынып жатқан үйден пәтерді қолма-қол ақшаға сатып ала алмайды

2025 жылдың шілдесінде Президент үлестік құрылыс туралы заңға өзгерістер енгізді. Бұл — көпқабатты үй немесе жеке тұрғын үй кешеніне баспана алғысы келетін адамдар мен құрылыс компанияларына тікелей қатысты. Ең бастысы – бұдан былай тұрғын үйді құрылыс кезінде тек арнайы келісімшартпен, заңды жолмен ғана сатып алуға болады. Заңның негізгі ережелері 2 айдан кейін, яғни қыркүйекте күшіне енеді. Ал кейбір шарттар 2026 жылдың қаңтарынан бастап қолданыла бастайды. Осы орайда krisha.kz сайты заңға енгізілген негізгі өзгерістерді түсіндіреді.
Арнайы келісім-шарт қажет
Енді үй құрылыс кезінде сатылады екен деп, алдын ала келісім жасап қою немесе басқа бір жолмен сатып алуға мүмкіндік жоқ. Жаңа ережеге сай, құрылыс жүріп жатқан үйден пәтер, жеке үй немесе кеңсе сатып алу тек ҮҚШ (ДДУ) — үлестік қатысу шарты арқылы жүзеге асады. Бұл келісім міндетті түрде арнайы мемлекеттік жүйеде тіркелуі керек.
Яғни ешкім не нотариус арқылы, не қолхатпен, не алдын ала шартпен үлескер ретінде ақша құя алмайды.
Қолма-қол ақша қабылданбайды
Үй салып жатқан компаниялар үлескерлерден қолма-қол ақша ала алмайды. Төлемді тек банк арқылы жасауға болады. Оның өзінде, алдымен шарт тіркелуі керек, содан кейін ғана ақшасы төленеді. Бұл ақшаңызды қауіпсіз ұстау үшін жасалған.
Құрылыс компанияларына қойылатын талаптар жеңілдетілді
Үй салып жатқан компаниялар үшін талаптар бұрынғыға қарағанда аздап жеңілдеді. Бұрын олардың кемі 3 жылдық тәжірибесі мен 18 мың шаршы метрге дейін үй салуы керек еді. Енді тәжірибесі 2 жыл, салынған үй көлемі 10 мың шаршы метр болса жеткілікті (Астана, Алматы, Шымкентте). Басқа өңірлер үшін – 5 мың ш.м.
Ал егер құрылыс компаниясы үйдің негізгі қаңқасын (каркасын) салып қойса, онда олар үшін де талаптар жеңілдеді:
- тәжірибе – 3 жыл (бұрын – 5 жыл),
- салынған үй көлемі – үлкен қалаларда 36 мың ш.м, өңірлерде 18 мың ш.м болса жеткілікті.
50 үйлік коттедж қалашықтары да заңға бағынады
Егер құрылыс компаниясы жеке үйлерден тұратын кешен (коттедж қалашығы) салып жатса және онда кемінде 50 үй болса, бұл да үлестік құрылыс болып есептеледі. Яғни оларға да заң талаптары толық қолданылады.
Үлескерлердің ақшасы жіті бақылауда болады
Құрылыс компаниясы үлескерлердің ақшасын қалай жұмсайтынын енді қатаң тәртіппен жүргізуі керек.
- Компания тек бір теңгедегі және бір валюталық есепшот аша алады.
- Валюталық шот тек сенімді банкте (рейтингі B+ жоғары) ашылуы тиіс.
- Ақша жұмсау тәртібі:
- Алдымен – компанияның өз ақшасы;
- Кейін – үлескерлердің ақшасы;
- Соңында ғана – қарыз ақша.
Егер құрылыс кезінде шығын өсіп кетсе, компания оны дәлелдеп, инженерлерден растама алуы керек.
Банктер де жауапты болады
Бұдан былай банктер құрылыс аяқталмаған үйге ипотека бермес бұрын, оның заңды рұқсаты бар-жоғын тексеруі тиіс. Рұқсаты жоқ құрылысқа банк ипотека бермейді. Сонымен қатар банк сізбен келісімшарт жасаспас бұрын, оның тіркелгенін де тексеруі керек.
Құрылыс барысын әкімдік пен оператор қадағалайды
Құрылыс барысы туралы ақпаратты арнайы инженерлік компаниялар ай сайын жинап отырады. Олар бұл есептерді жергілікті әкімдік пен «Қазақстан тұрғын үй компаниясына» (ҚТР) жолдайды. Егер құрылыс тоқтап қалса, ҚТК кепілдік сомасын азайтуы мүмкін немесе сол жобаны өзі аяқтай алады.
Кепілдік тоқтаса — ақша қайтарылады
Егер құрылыс компаниясы кепілдіктен бас тартса, үлескерлердің ақшасы қалған мерзімге сай қайтарылады. Бірақ бұл үшін:
- бүкіл үлескерлермен келісімшарт үзілуі керек,
- үлескерлерге ақша толық қайтарылуы тиіс.
Рұқсатсыз жарнама жасалмайды
Үй салып жатқан компания рұқсат алмай тұрып, тұрғын үй кешені туралы жарнама бере алмайды. Егер нысан тікелмесе, «құрылыс жүріп жатыр» деген сөзді айту да заң бұзу болып саналады.
Егер рұқсат алмай жатып құрылыс басталып кетсе, құрылысты жалғастыруға болады. Бірақ ақша тартуға болмайды. Тек алдағы 6 айда үйдің қаңқасы (каркасы) салынып үлгерсе, компания жеңілдетілген тәртіппен рұқсат ала алады.
Үлескерлердің құқығы кеңейеді
Егер үй біткен соң пәтердің көлемі жобада айтылғаннан аз болып шықса, үлескер ақшалай өтемақы талап ете алады. Сонымен қатар өз ақшасының қайда, қалай жұмсалып жатқанын арнайы жүйе арқылы қадағалай алады.
Заң қашан күшіне енеді?
Қыркүйек айынан бастап:
- «балама жолмен» үй сату тыйым салынады,
- құрылысшыларға қойылатын жаңа талап күшіне енеді,
- қолма-қол ақша қабылдауға болмайды,
- рұқсатсыз жарнама жасауға тыйым,
- келісімшарттарды міндетті түрде тіркеу,
- жеке үйлер кешендері де енді заңға бағынып жұмыс істеуі тиіс.
2026 жылдың 2 қаңтарынан бастап:
- валюталық есепшот тек сенімді банкте ашылуы керек,
- құрылыс материалдарының құны өскен жағдайда бағаны бақылауға және кепілдік төлемді қайта қаруға қатысты нормалар күшіне енеді.
Қазіргі кезде республикада 41 проблемалық объектіге ақша құйған 4000-ға жуық үлескер зардап шеккен. Сонымен бірге мониторинг барысында 99 объектінің заңсыз салынғаны анықталған. Аталмыш заң осындай проблемалардың алдын-алуға көместеседі.