
Исламдық қаржыландыру – шариғат талаптарына сай келетін экономикалық қатынастар жүйесі. Дәстүрлі несие беруден айырмашылығы – исламдық модельде бірнеше талап бар. Біріншісі, риба (пайыздық мөлшерлеме) тыйым салынған, белгілі бір уақыт үшін қосымша табыс алуға болмайды. Екіншісі, спекуляция болмауы керек. Үшіншісі, негізгі принциптер сақталуы керек. Ол адал сауда, әріптестік және пайда мен тәуекелді әділ бөлу.
Автокөлік сатып алу кезінде жиі қолданылатын құрал – мурабаха. Бұл қаржы ұйымы автокөлікті өзі сатып алып, клиентке алдын ала келісілген үстеме бағамен бөліп сату механизмі.
Ол қалай жұмыс істейді?
- Клиент қалаған автокөлікті таңдайды (жаңа немесе тізгінделген).
- Қаржы ұйымы сол көлікті өз атына сатып алады.
- Содан кейін клиентке бөліп төлеу шартымен сатады (мурабаха келісімі бойынша).
- Клиент келісілген кесте бойынша төлем жасап отырады.
Мұндағы үстеме ақы пайыз болып саналмайды, себебі ол келісімде бірден көрсетіледі және уақытқа немесе төлеу мерзіміне байланысты өзгермейді. Жалпы төлем сомасы бастан-ақ нақты анықталады.
Исламдық қаржыландырудың артықшылықтары
Жүйе пайызсыз. Исламдық қаржыландыруда пайыз (риба) мүлде қолданылмайды. Бұл шариғат талаптарына сай келетін адал жүйе, онда қаржы ұйымы табысын тек нақты сауда немесе қызмет арқылы табады. Клиентке артық төлем жүктелмейді, келісілген сома ғана төленеді.
Ашық және түсінікті шарттар. Клиент пен қаржы ұйымы арасындағы келісім толық ашық түрде жасалады. Барлық төлемдер, үстінен қосылатын қаржы мөлшері, төлем кестесі мен мерзімдері алдын ала келісіліп, шартта нақты көрсетіледі. Жасырын комиссиялар мен қосымша төлемдер болмайды.
Төлем сомасы тұрақты болады. Келісім бойынша төленетін жалпы сома бүкіл кезең бойы өзгермейді. Инфляция, нарықтағы пайыздың көтерілуі немесе басқа факторлар соңғы сомаға әсер етпейді. Бұл клиентке тұрақты жоспар құруға мүмкіндік береді.
Мерзімінен бұрын жабу мүмкіндігі. Клиенттің қаржылық мүмкіндігі болса, берешегін мерзімінен бұрын толық өтеуге құқылы. Көп жағдайда бұл құпталады, әрі ешқандай айыппұл немесе қосымша ақы алынбайды. Керісінше, кейбір ұйымдар жеңілдік те ұсынады.
Сенімділік пен тыныштық. Мұндай қаржыландыру шариғат кеңесінің сараптамасынан өтеді және мақұлданғаннан кейін ғана ұсынылады. Бұл мұсылман тұтынушы үшін моральдық, рухани тұрғыдан сенімді шешім, себебі келісім ислам қағидаттарына қайшы келмейді.
Ықтимал шектеулер
Бұл ретте классикалық несиеге қарағанда бастапқы жарна мөлшері жоғары болуы мүмкін.
Көліктің сомасы толық төленгенше кейде ұйым атында қалады немесе кепілмен рәсімделеді. Бұл әр компанияның ережесіне байланысты айқындалады.
Барлық банктер бұл қызметті ұсына бермейді. Қазақстанда исламдық қаржыландыру тек белгілі бір ұйымдарда қолжетімді.
Шариғат кеңесі деген не? Кім мақұлдайды?
Исламдық қаржыландыру жүйесінде әрбір өнім немесе қызмет шариғат талаптарына сай болуы керек. Осы талаптардың сақталуын қадағалайтын орган – Шариғат кеңесі.
Шариғат кеңесі — ислам құқығы (фикһ) мен қаржы саласын жақсы білетін мамандардан құралған арнайы кеңес. Оның міндеті — қаржы ұйымдарының қызметі мен өнімдерін шариғат нормаларына сәйкестікке тексеріп, мақұлдау.
Мұсылман тұтынушы үшін қаржы операциясының адалдығы өте маңызды. Егер қаржы өнімі шариғат талаптарына сай болмаса (мысалы, пайыздық табыс болса немесе шарттары әділетсіз болса), ол харам болып есептеледі. Сол себепті, шариғат кеңесінің мақұлдауы — исламдық қаржыландырудың міндетті бөлігі.
Қазақстанда исламдық қаржыландырумен айналысатын компаниялар міндетті түрде тәуелсіз шариғат кеңесінің рұқсатымен жұмыс істеуі тиіс. Бұл кеңестер тексеру жүргізіп, әрбір өнімнің шариғатқа сай сертификатын береді.
Мысалы:
- HalalFinance компаниясында жеке шариғат кеңесі бар.
- Tayyab Finance те өз қызметін шариғат сарапшыларының мақұлдауымен жүзеге асырады.
- Бұл кеңестер компаниядан тәуелсіз жұмыс істейді және клиенттердің сенімін қамтамасыз етеді.
Исламдық қаржыландыру қай өңірлерде қолжетімді?
Компаниялардың кеңселері еліміздің ірі мегаполистерінде бар. Оның ішінде:
- Алматы мен Астанада кеңселері бар;
- Тұрғындар онлайн өтінім арқылы Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Орал секілді қалалардан да рәсімдей алады;
- Кейбір қызмет түрлері тек Алматы мен Астанада ғана ұсынылуы мүмкін (мысалы, көлікті қарау, тіркеу, т.б.)
Осы арқылы автокөлік алу үшін қажетті құжаттар тізімі
Клиент мына құжаттарыды ұсыну керек:
- ЖСН және жеке куәлік
- Тұрақты табысты растайтын құжат (мысалы, жалақы туралы анықтама немесе жеке кәсіпкер кірісі)
- Таңдалған автокөлік туралы мәлімет
- Бастапқы жарна туралы ақпарат
Жиі қойылатын сұрақтар
Сұрақ: Бұл пайыз емес, бірақ үстеме ақы бар. Бұл қалай халал?
Жауап: Себебі үстеме ақы – саудадан түсетін табыс. Ол келісімнің басында анық жазылады, өзгермейді және мерзімге байланысты көбеймейді. Бұл риба емес, сауда пайдасы.
Сұрақ: Мерзімінен бұрын төлеуге бола ма?
Жауап: Иә. Көп жағдайда мерзімінен бұрын өтеуге айыппұл салынбайды. Кейбір компаниялар жеңілдік береді.
Сұрақ: Автокөлік кімнің атына рәсімделеді?
Жауап: Көп жағдайда қаржы ұйымының атына рәсімделеді, толық төленгеннен кейін клиент атына өтеді. Немесе кепілмен рәсімделеді.
Қазақстанда автокөлікке исламдық қаржыландыру ұсынатын компаниялар
Бүгінде Қазақстанда автокөлік сатып алуға исламдық негізде бөліп төлеу қызметін келесі ұйымдар ұсынады:
1. Tayyab Finance. Заманауи финтех-компания. Халал өнімдер мен қызметтер ұсынады. Автокөлікке де бөліп төлеу қызметі бар. Мобильді қосымшасы және онлайн қызметі жұмыс істейді.
2. «Al Hilal» ислам банкі. Қазақстандағы толыққанды исламдық банк. Шариғат талаптарына сай жұмыс істейді. Жеке тұлғаларға да, бизнеске де қызмет көрсетеді. Мурабаха келісімін қолданады.
Исламдық қаржыландыру – бұл тек несиеге балама ғана емес, әділеттілікке, ашықтыққа және діни ұстанымдарға негізделген тұтас қаржы жүйесі. Қазақстан азаматтары бүгінде автокөлікті пайызсыз, жасырын шарттарсыз және ислам құндылықтарына қайшы келмейтін жолмен сатып алу мүмкіндігіне ие. Қазіргі таңда нарықта бұл қызметті ұсынатын ұйымдар саны шектеулі болғанымен, сұраныс артып келеді, және болашақта бұл бағыт дами түсетіні сөзсіз. Бұған дейін, шариғат заңдарына сәйкес инвестициялау туралы жазған едік.