
Англия төрінде өтіп жатқан әйгілі Уимблдон турнирінің алғашқы айналымы қазақстандық теннисшілер үшін сәтсіз аяқталды. Жекелей сында еліміздің атынан қатысқан спортшылардың ішінен тек Елена Рыбакина ғана келесі кезеңге өтті.
WTA рейтингінде 11-орында тұрған Елена Рыбакина алғашқы айналымда Арменияның үздік ойыншысы Элина Аванесянмен (WTA №49) кездесіп, 6:2, 6:1 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жетті. Елена екінші айналымда Грекия теннисшісі Мария Саккаримен (WTA №9) кортқа шығады. Бұл кездесу бейсенбі күні сағат 15:00 де өтеді деп жоспарланған.
Уимблдонның негізгі кезеңінде өнер көрсеткен алғашқы қазақ баласы – Бейбіт Жұқаев іріктеуден сүрінбей өтіп, турнирге жолдама алған еді. Дегенмен алғашқы айналымда ATP рейтингінде 24-орында тұрған италиялық Флавио Коболлиге 3:6, 6:7, 1:6 есебімен есе жіберді.
Қазақстан сапындағы тағы бір теннисші Александр Шевченко америкалық Райли Опелкамен (ATP №70) кездесіп, 3:6, 5:7, 6:7 есебімен ұтылды.
Көптеген мамандар «алысқа баратын теннисшілердің бірі» деп баға берген Александр Бублик те жарысты ерте аяқтады. Қазақстанның бірінші ракеткасы испаниялық Хайме Мунарға (ATP №55) бес сетке созылған тартысты ойында 4:6, 6:3, 6:4, 6:7, 2:6 есебімен жол берді.
Әйелдер арасындағы жарыста Юлия Путинцева америкалық Аманда Анисимовамен кездесіп, 0:6, 0:6 есебімен ойсырай ұтылды.
Жекелей сында жарыс жолынан шығып қалған теннисшілеріміз енді жұптық сында бақ сынайды. Сәрсенбі күні Уимблдон турнирінде жұптық бәсекелер басталады. Қазақстан атынан Анна Данилина, Юлия Путинцева және Александр Бублик кортқа шығады.