Жаңалықтар

Астана күніне орай қалада 100-ден астам мерекелік шара ұйымдастырылады

Астана күніне орай қалада 100-ден астам мерекелік шара ұйымдастырылады / Фото: kursiv.media

Астана күніне орай елордада 100-ден астам мерекелік шара ұйымдастырылады. Қала күнін тойлау 30 маусымда басталып кеткен. Бұл туралы Астана әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақстанда 6 шілдеде Астана күні атап өтіледі. Бұл мерекеге орай елордада дәстүрлі түрде жүзден астам түрлі бағыттағы іс-шара ұйымдастырылады. Биыл елорда тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше оқиғалар, концерттер, шоулар, қойылымдар, акциялар, көрмелер, спорттық турнирлер және басқа да көптеген шаралар ұйымдастырылады», – делінген баспасөз хабарламасында.

Фестивальдар

Жаз басталғалы қаланың саябақтарында «Отбасы Time» балалар шығармашылығы фестивалі өткізіледі. Мереке күндеріне ұйымдастырылатын бұл шараға қала тұрғындары мен қонақтары қатыса алады.

30 маусым күні IV Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлар фестивалі басталды. Бұл шараға Ұлыбритания, Австрия, Қытай, Түркия, Грузия, Испания, Тайланд, Өзбекстан елдері мен Қазақстанның өңірлерінен театр ұжымдары қатысып жатыр. Фестиваль 4 шілдеге дейін жалғасады. Аталмыш шара халықаралық мәдени байланыстарды нығайту, кәсіби шеберлікті дамыту және қуыршақ театры өнерін насихаттау мақсатында өткізіліп жатыр.

Спорттық шаралар

Сондай-ақ 30 маусым мен 6 шілде аралығында Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында Дүниежүзілік бокс қауымдастығы World Boxing аясында сайыс ұйымдастырады. Ерлер мен әйелдер бокстан Әлем кубогы үшін күреседі. Спорттық шараға 31 елден 300-ден астам спортшы қатысады. Қазақстан құрамасы барлық 20 санаттағы салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Ал финалдық жекпе-жек 6 шілде күні сағат 14:00-19:00 аралығында өтеді. Шараға қатысу тегін.

Дәл осы күні қалалық Паралимпиада орталығында мүмкіндігі шектеулі спортшылар сайысқа түссе, Б.Саттарханов атындағы спорт кешенінде «Сарайшық» ауданының ұйымдары арасында волейболдан турнир өткізіледі.

3-5 шілде аралығында Beeline Arena-да қазақ күресінен Қазақстан чемпионаты өтеді.

Концерттер

3 шілде күні «JazzVIBE» концерті ұйымдастырылады. Бұл шара Есіл өзенінің жағасындағы Амфитеатр сахнасында өткізіледі. Бұл шараға «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі, «Жастар» сарайының «Жігер» эстрадалық-джаз ансамблі және басқа да танымал эстрада жұлдыздары қатысады.

4 шілдеде Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Аялаған Астана» атты мерекелік концерт өтеді. Іс-шара елорданың рухани келбетін дәріптеп, жас өнерпаздардың шығармашылығын таныстыруға бағытталған.

Сонымен қатар М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында street-art форматындағы «Астанаға арнау» атты көше өнері фестивалі өтеді. Бұл шара заманауи креативтілік пен жасампаз көзқарасты біріктіріп, қала жастарының өнерге деген қызығушылығын арттыруды мақсат етеді.

Бұл күні сондай-ақ Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Жастар» сарайында «Менің мамандығым – мақтанышым» атты қалалық шығармашылық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді.

Ал Бейбітшілік және келісім сарайында «Асыл мұра» атты мерекелік концерт ұйымдастырылады. Концертте еліміздің үздік әншілері мен күйші-жыршылары халық композиторларының шығармаларын орындайды. Шараға танымал өнер шеберлері мен шығармашылық ұжымдар қатыспақ.

Түрлі бағыттағы турнирлер

Астана күніне орай 4 және 5 шілде аралығында қаланың түрлі аудандарында мазмұны бай мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, қала тұрғындары мен қонақтарына мынадай шаралар ұсыналады:

  • «Ғашықтар» саябағында «Астана сақасы» турнирі аясында асық атудан үздіктер анықталады;
  • «Нұржол» бульварында «Асқақтаған Астана!» атты мерекелік шара – Домбыра party өтеді;
  • «Жетісу» саябағында «QALA FEST» фестивалі мен кітап жәрмеңкесі өткізіледі;
  • Зейнеткерлер арасында шахмат турнирі, ал «Ғашықтар» аллеясында асық ату жарысы ұйымдастырылады;
  • Байқоңыр ауданының коммуналдық қызметкерлері арасында мини-футбол турнирі өтеді;
  • Абай даңғылы бойында орналасқан «Коммуналдық қызметкерлер» скверінің салтанатты ашылу рәсімі өтеді.

Ал 5 шілде күні Есіл өзенінің жағалауындағы Амфитеатр сахнасында «Астана – арман қала» атты мерекелік концерт өткізіледі. Онда танымал мәдениет қайраткерлері, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары, қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетпек. Бұдан бөлек Триатлон паркінде күрес спорты бойынша фестивалі өтеді. Бағдарламада грек-рим, еркін күрес, дзюдо, қазақ күресі және автошеру сынды басқа да шаралар қамтылған.

Әскери-музыкалық фестиваль

5 шілде күні VI «Әскери керней» әскери-музыкалық фестивалінің салтанатты ашылуы өтеді. Іс-шарада үрмелі оркестр концерттік бағдарламаларын тамашалауға болады. Бұл мерекелік шара «Ғашықтар», «Жетісу» және «Жерұйық» саябақтарында өткізіледі. Фестивальдің жабылу салтанады Астана күні – 6 шілдеде «Қазақ елі» монументі алаңында өтпекші.

Бұдан бөлек Орталық саябақта «Мерекелік саябақ» атты отбасылық демалыс фестивалін өткізу жоспарланған. Бұл шара кезінде ашық аспан астында кино көрсетілімдері, театрландырылған қойылымдар, бейнелеу өнері мен қолөнерге арналған шеберлік сабақтары, спорттық және ойын-сауық бағдарламалар, көрмелер мен концерттер ұйымдастыру көзделген.

Қаланың ашық алаңдары мен саябақтарында «Қалалық перформанстар фестивалі» өтеді. Театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылып, көшеде әртістер шеруі жоспарланған. Бағдарламаға Астана, Алматы және Мәскеу қалаларынан келген шығармашылық ұжымдары қатысады.

5-6 шілде күндері өтетін Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Мемлекеттік драма және комедия театры алғаш рет «Армандар орындалады» спектаклін ұсынады. Қойылым ерекшелігі – кәсіби әртістермен қатар түрлі жұмысшы мамандық иелері де өнер көрсетеді. Мұғалімдер, журналистер, дәрігерлер, аспаздар, мейірбикелер, жүргізушілер, құрылысшылар және басқа да мамандар сахнаға шығып, эмоционалды және шынайы сахналық бейнелер арқылы көрермендермен өз өмірлік тарихтарын, армандарын және кәсіби жолдарымен бөліседі.

Сондай-ақ «Жастар», «Наз», «Қанаттылар» театрларында және Музыкалық жас көрермен және Максим Горький атындағы академиялық орыс театрында меркелік қойылымдар саханаланады.

Басқа қандай шаралар өтеді?

6 шілде – Ұлттық домбыра күніне арналған шара өткізіледі. Бұл күні мынадай мерекелік шаралар ұйымдастырылмақ:

  • «Атырау» көпірі және Орталық саябақ – Домбыра күніне арналған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, Амфитеатр сахнасындағы концертпен аяқталады.
  • Қаланың тұрғын алаптарында – күндізгі уақытта мерекелік концерттер ұйымдастырылады. Концертке қаланың Мәдениет басқармасына қарасты шығармашылық ұжымдар және эстрада жұлдыздары қатысады.
  • «Қазақ елі» монументі алаңында «Jastar Energy» концерті өтеді.
  • «Астана-Арена» стадионында – OPEN AIR концерті ұйымдастырылып, онда отандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.
  • «Ақжайық» скверінде «Елордалық батл» жастар арасындағы заманауи би сайысы өткізілмек.
  • «Қазанат» ипподромында екі шара өтеді. Атап айтқанда «Елорда кубогы» бойынша бәйге турнирі ұйымдастырылып, «Толағай» ұлттық спорт түрінен сайыс өткізу жоспарланған.

7 шілде күні «Жастар» сарайының эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен Амфитеатр сахнасында «Алтын домбыра» мектебінің 400 оқушысының қатысуымен Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік-концерттік бағдарлама өтеді.

Ал 8 шілде күні дәл осы жерде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі ұйымдастырылмақ.