Әлеуметтік желідегі агрессиялық мазмұн қадағаланады: оған 16 млн теңге бөлінген

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Мониторинг
Әлеуметтік желілердегі агрессиялық мазмұнға мониторинг жүргізіледі / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«Астана қаласының Коммуникациялар қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі әлеуметтік желілердегі агрессиялық мазмұнға мониторинг жүргізуге 16 млн теңге жұмсайды. Бұл туралы мекеменің мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған тапсырысында жазылған.

Мекеме талаптарына сәйкес, тапсырыс алған компания әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізуі керек. БАҚ пен Facebook, Vkontakte, Instagram, Twitter Одноклассники, МойКруг, GooglePlus, YouTube, форумдар, блогтар, микро-блогтардағы және басқа да әлеуметтік желілердегі пікірлер мен шағымдар толық бақылануы керек. Жалпы алғанда 55 мың дереккөзге мониторинг жүргізілуі керек.

Қандай тақырыптар қадағаланады

Тапсырысқа сәйкес, әлеуметтік тақырыптар, ұлтаралық қатынастар, діни және саяси мәселелерге мониторинг жүргізіледі. Сонымен бірге ең белсенді, ең
танымал және резонансты авторлардың жазбалары да қадағаланады. Ең көп пікір жинаған, ең көп цитата алынғандар да тексеріледі. Тіпті қандай да жазба қалдырған автордың аудиториясы яғни, автордың достары мен оқырмандарының саны да назардан тыс қалмайды.

Мониторинг барысында агрессивті контент, жазба, пікір болса, тапсырыс алушы оны арнайы белгілеп көрсетуі керек болады.

«Барлық агрессиялық хабарламалар таспада агрессияның күшін көрсететін екі маркердің бірімен белгіленеді: «Агрессия» және «Күшті агрессия», – делінген құжатта.

Тапсырыс бойынша мониторинг қызметі 2025 жылдың соңына дейін жүргізіледі.

Сонымен бірге аталмыш коммуналдық мекеме Астана қаласының мемлекеттік органдарының жасап жатқан іс-шараларын радио арқылы үгіттеу үшін 16,5 млн теңге көлемінде қаражат жұмсауды көздеп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз