
Жердегі тіршіліктің 90 пайызын жойған аптап 5 миллион жылға созылған. Бұл оқиғаның 252 миллион жыл бұрын болған.
Ғалымдар мұның сырын түсіндіре бастады. Бар гәп – тропикалық ормандарда.
СNN ақпаратына қарағанда, бұдан 252 миллион жыл бұрын Жер тарихындағы ең жойқын апат болды. Бұл «Ұлы жойылу» деп аталып отыр.
Миллиондаған жылға созылған ыстық
Бұл кезеңде Жердегі тіршіліктің, яғни тірі ағзалардың шамамен 90 пайызы жойылып кеткен. Бірақ одан кейінгі кезең ғалымдарды ұзақ уақыт бойы таңғалдырып келді. Жер беті қауіпті деңгейге дейін ысыған. Аптап 5 миллион жыл бойы сақталған.
Климат неге қалпына келмеген
Жақында жарияланған Nature Communications журналындағы зерттеуге сәйкес, халықаралық ғалымдар тобы бұл құбылыстың себебін анықтауға бір қадам жақындағанын жария етті. Олар ежелгі қазба қалдықтарын зерттеу арқылы жаһандық климаттың неге ұзақ уақыт бойы қалпына келмегенін түсінді.
Орманның құрып кетуі түрткі
Зерттеу нәтижелері бойынша, тропикалық ормандардың жойылуы – аптаптың ұзақ сақталуына әсер еткен негізгі факторлардың бірі. Өсімдіктер мен ормандар көмірқышқыл газын сіңіріп, климатты реттеуде зор рөл атқарады. Ал олар жойылған кезде атмосферадағы CO₂ деңгейі көтеріліп, жаһандық жылыну тіпті күшейген.
Адамзатқа сабақ
Ғалымдардың айтуынша, бұл тарихи оқиға қазіргі кезең үшін де сабақ бола алады. Себебі бүгінгі адамзат та көміртекті отынды жағып, табиғи ормандарды жойып жатыр. Бұл Жерді қайтадан аптап ыстық дәуіріне итермелеуі мүмкін.
«Біздің зерттеуіміз Жер климатының қалпына келуіне не кедергі болатынын көрсетеді. Бұл — бүгінгі таңда бізге аса қажет түсінік», — дейді зерттеу авторларының бірі.
Мұның алдында ғалымдар Антарктидадағы мұздықтар ерісе, алып цунами пайда болатынын болжады.