Lifestyle

Электрокөлікке мінгенде жүрегі айнып, басы айналатындар көбейді

Электрокөлікке мінгенде жайсыз сезінетіндерден шағым көбейді / Фото: ашық дереккөзден

Электромобиль жүргізушісі мен жолаушыларының көлікке отырғанда және жүргенде басы айналып, жүрегі айниды. Мамандар мұның ғылыми себебін түсіндіріп берді.

The Guardian мәліметінше, соңғы жылдары электромобильдердің танымалдығы әлем бойынша қарқынды өсіп жатыр. Мәселен,  2024 жылы сатылған жаңа көліктердің 22%-ы — электрлі автокөліктер (2023 жылы бұл көрсеткіш 18% болған). Алайда, электромобильдердің артықшылықтарына қарамастан, оларда өздерін жайсыз сезінетін, жүрегі айнып, бас айналу белгілерін бастан өткеретін жолаушылар саны көбейіп келеді. Бұл мәселе әлеуметтік желілерде жиі талқыланып, тұтынушылар арасында алаңдаушылық тудырып отыр.

Ғылыми түсініктеме

Франциядағы Бельфор-Монбельяр технологиялық университетінің аспиранты Уильям Эмондтың айтуынша, бұл құбылыс – жаңа тәжірибемен байланысты мидың бейімделу қиындықтарынан туындайды. Яғни, адам бұрынғы көлікпен жүру тәжірибесіне сүйене отырып, қозғалыстағы күштерді «сезіп» үйренген. Ал электрокөліктердегі қозғалыс сезімі мен сигналдары мүлде басқа.

Қандай айырмашылықтар бар

Дыбыстың жоқтығы. Электромобильдерде іштен жанатын қозғалтқыштағыдай мотор дыбысы мен діріл болмайды. Бұл – ми үшін маңызды сигналдардың жоғалуы.

Рекуперативті тежегіш жүйесі. Электрокөліктер біртіндеп, үздіксіз баяулайды. Мұндай төмен жиіліктегі тежелу бас айналу белгілерін күшейтуі мүмкін.

Тәжірибенің аздығы. Көпшілік бензин немесе дизель көліктерінде жүріп үйренгендіктен, олардың миы соған бейімделген. Ал электромобильге алғаш мінгенде, ми қозғалысты дұрыс болжай алмай қалады.

2024 жылы электромобильдегі бас айналу мөлшері мен орындық дірілінің арасында тығыз байланыс бар екені анықталды,  Бұған қоса, 2020 жылғы зерттеу де мотор дыбысының болмауы — басты факторлардың бірі екенін көрсеткен.

Мамандар ерекше қозғалыс сипаттамаларына бейімделуге уақыт қажет екенін айтады. Егер электрокөлікте жүріп, өзіңді жайсыз сезінсеңіз — бұл табиғи жағдай. Уақыт өте келе ми жаңа ортаға бейімделіп, жайсыздық азаяюы мүмкін.

Айта кетейік, 2025 жылы автоиндустрия бұрынғыдан да жылдам цифрланып, электромобильдер негізгі көлік түріне айнала бастады.