
Бүгін, 2 шілдеде Петропавл халықаралық әуежайынан соңғы алты жылдағы алғашқы халықаралық жолаушылар рейсі жүзеге асты. Бұл – SCAT әуе компаниясының Петропавл – Шарм-эль-Шейх (Мысыр) бағыты бойынша чартерлік рейсі.
Рейстер әр 10 күн сайын Boeing 737 ұшағымен орындалады. SCAT компаниясы Мысырдың қазақстандық туристер арасында ең танымал бағыттардың бірі екенін атап өтті.
«Халықаралық қатынастың қайта жандануы – бұл әуежай ғана емес, бүкіл өңір мен СҚО тұрғындары үшін де маңызды оқиға. Енді тұрғындарға демалысқа аттану үшін өзге облыстар мен әуежайларға барудың қажеті жоқ. Рейсті іске қоспас бұрын елеулі дайындық жұмыстары жүргізілді: шекара қызметі мен кеден өкілдерінің жұмыс істеуіне арналған орындар жаңартылып, бейімделді», – деп атап өтті Петропавл халықаралық әуежайының атқарушы директоры Мустафа Йылтан Октем.
Халықаралық рейстердің қайта ашылуы өңірдегі іскерлік және туристік белсенділікті арттырып, көлік инфрақұрылымын дамыту тұрғысынан СҚО-ның тартымдылығын өсіреді деп күтілуде. Болашақта әуежайдың бағыттар желісі кеңейтілмек.
Айта кетейік, Петропавлдан халықаралық рейстер 2019 жылдан бері тоқтап тұрған болатын.
Петропавл халықаралық әуежайы «Қызыл-Жар халықаралық әуежайы» ЖШС-нің сенімгерлік басқаруында. Сенімгерлік басқару шарты 2022 жылы бес жыл мерзімге жасалған. «Қызыл-Жар халықаралық әуежайы» компаниясын сенімгерлік тұлға арқылы Orbis Kazakhstan тобы басқарады (негізін қалаушылар – Фаррух және Сухраб Махмудовтар). Холдинг әуежай қызметін тұрақты ету және пайдаланушы сертификаты қайтарылғаннан кейін оның жұмысын қалпына келтіру мақсатында 1,2 млрд теңгеден астам инвестиция құйған.
Еске салайық, 2025 жылғы 1 маусымнан қазақстандық SCAT әуе компаниясының ұшақтары Үшарал қаласына қатынай бастады.