Астана базарында сібір жарасын жұқтырған малдың еті сатылғаны рас па?

Әлеуметтік желіде Астанада сібір жарасын жұқтырған мал еті сатылып жатыр деген ақпарат тарап жатыр. Онда елорда тұрғындарын еттен бас тартуға шақырған.
«Сәлеметсіздер ме, көршілер. Ет сатып алудан уақытша бас тартқандарыңыз жөн. Астанаға жұқпалы ет жеткізілген. Ірі қара мал арасында Сібір жарасы тіркелген. Мұндай жағдай «Әлем» ет базарында анықталған. Ақмола облысы бойынша тексерістер жүріп жатыр», – делінген таратылған хабарламада.
Аталған үндеуге ресми құжаттың суреті тіркеліп, онда Ақмола облысы бойынша жан-жақты тексерулер жүргізіліп жатқаны айтылған.

Алайда ақпараттың рас-өтірігін анықтау мақсатында журналистер Ветеринариялық бақылау комитетіне ресми сұрау жолдаған. Комитет әлеуметтік желіде тараған мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
«Қазіргі таңда Астана қаласында да, елордадағы ет базарларында, соның ішінде «Әлем» базарында да жұқпалы еттің жеткізілуі немесе сатылуы фактілері тіркелмеген», – делінген комитеттің ресми хабарламасында.
Осыған дейін Сенат депутаты Ернұр Әйткенов бруцеллез жұқтырған мал етінің базарларға тарап кету қаупі жоғары екенін айтқан еді. Өйткені салада мал етін бақылау бойынша нақты шаралар жолға қойылмаған.