Жұмбақтасқа шығуға болмайды, «жеуге» болады: Танымал шоколатье десерт жасады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
«Жұмбақтас» эксклюзивті десертін танымал шоколатье әзірледі / Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Астанада аспаздық өнер мен тұрақты туризм идеяларын біріктірген гастрономиялық жоба «Жұмбақтас» десертінің тұсаукесері өтті.

Kazakh Tourism жүзеге асыратын «Сапа белгісі» бағдарламасының қатысушысына айналған «La Crème» мейрамханасы «Жұмбақтас» гастрономиялық туындысын ұсынды. Эксклюзивті десертті танымал шоколатье және кондитерлік өнер бойынша Еуропа чемпионы Ханс Овандо әзірледі.

«Біздің «Сапа белгісі» бағдарламасы қонақжайлылық стандарттарын арттыруға бағытталған және турбизнесті дамытуға ынталандырады. Қазіргі таңда 220 астам компания «Сапа белгісін» иеленіп, туризм индустриясының талаптарына сай екендігін растады. Біз табиғи ескерткіштер мен орындардың құндылығы мен оларды сақтаудың маңыздылығын дәріптейтін кәсіпкерлеріміздің бастамашылығы мен әлеуметтік жауапкершілігін құптаймыз», – деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.

Жобаға мейрамхананың  негізін қалаушы Дана Канапина бастама танытқан. Ол 2024 жылы Ханс Овандомен бірге Бурабайдағы «Жұмбақтас» жартасының тарихымен танысып, жергілікті тұрғындармен тілдесіп, жергілікті ингредиенттерді зерттейді. Олардың бірі – «Жұмбақтас» десертінің соңғы рецептурасына енген жергілікті омартадан алынған бал.

«Біз «Жұмбақтас» десертін әзірлеу арқылы дәмді жеткізумен қатар Бурабайдың сұлулығы туралы көбірек адамды білуге шабыттандырғымыз келді. Осындай ерекше жерлерге деген сүйіспеншілік арқылы оларды болашақ ұрпақ үшін сақтап, саналы туризм мәдениетін дамытуға деген ұмтылысты туғызу маңызды», – деп бөлісті мейрамхананың тең құрылтайшысы Асқар Қанапин.

Айта кетейік, 2021 жылы Kazakh Tourism қонақжайлылық мәдениетін арттыруға және Қазақстандағы туристік қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған «Сапа белгісі» бағдарламасын қолға алды. Бұл туроператорларға, орналастыру орындарына және қоғамдық тамақтану орындарына «Very Nice» және «Nice» деген екі деңгей бойынша беріледі.

«Бурабай» ұлттық саябағындағы Жұмбақтасқа туристердің шығуына және тастың бетіне жазуға тыйым салынуы мүмкін. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев сөзінше, бұл шара туристер ағының артуына байланысты қабылданбақ. Алайда Жұмбақтастың маңында жүзуге шектеу қойылмайды.

Сондай-ақ оқыңыз