Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаев 12 жылға сотталды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Кәрім Көкірекбаев сотталды/фото: president.kg

Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаев 12 жылға сотталды. Бұл туралы Алматы облысы сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Іс Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен өткен.

Кәрім Көкірекбаев пен Ахатаевқа қатысты іс қылмыстық кодекстің 366-бабы (аса ірі мөлшерде пара алу), ал Поплавскийға 195 және 367-баптары (аса ірі мөлшерде пара беру, сондай-ақ ұрлау мақсатынсыз мүліктік залал келтіру) бойынша айып тағылған.

Сот Көкірекбаев пен Ахатаевтың лауазымды тұлғалар бола отырып, ЖШС директоры Поплавскиймен сөз байласып, орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қою үшін одан аса ірі мөлшерде пара алғанын анықтады. Сондай-ақ Поплавский, шын мәнінде, орындалмаған құрылыс-монтаж жұмыстарының актілеріне қол қоюды ұйымдастырған.

Осы әрекеттердің салдарынан мемлекеттік мекемеге 1 987 827 622 теңге залал келтірілген.

Алқабилердің үкімімен Көкірекбаев пен Ахатаев Қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-бөлігі бойынша, ал Поплавский 195-бабының 4-бөлігінің 2) тармағы және 367-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.

Сот үкімімен Көкірекбаев 12 жылға, Ахатаев пен Поплавский 11 жылға бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, шенеунікті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі 2022 жылдың желтоқсан айында 369 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұстады.

Кәрім Көкірекбаев туралы не белгілі?

Кәрім Көкірекбаев 1957 жылы Жамбыл облысында туған. Ол Алматы темір жол көлігі институтын темір жол инженері мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын Шу станциясының локомотив депосында машинист көмекшісі болып бастаған. Осы жылдар ішінде Алматы темір жолының бастығы, Астана халықаралық әуежайы РМК бас директоры қызметтерін атқарды.

2000 жылы Қазақстан Республикасы Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау вице-министрі болған. Ал 2002-2008 жылдары – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті, басқарушы директоры, бас инженері мамандықтарын атқарған.

2013 жылдың желтоқсанынан 2018 жылдың қаңтарына дейін Жамбыл облысының әкімі болған. 2018 жылы Қырғызстандағы елші қызметін атқарған.

2019 жылдың тамызында «Қазселденқорғау» компаниясының төрағасы болып тағайындалған.

Сондай-ақ оқыңыз